Павлодарлық қолөнер шебері текемет басудың көне технологиясын қолдана отырып, түрлі бұйым жасайды. Галина Воронкованың қолынан шыққан сәнді бас киім, белдіктер мен орамалдарға сұраныс жоғары. Көркемдігімен таң қалдыратын сан алуан дүние тапсырыспен жасалады. Киіз басудың қыр-сырын меңгеруге оның төрт жылдай уақыты кеткен.

ГАЛИНА ВОРОНКОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Орнынан сәл  қозғалып кетсе, саңылау пайда болады. Жүнді көбірек салсаңыз қалың болып кетеді. Бұйымның көңілдегідей шығуына біраз күш жұмсауға тура келеді.

Галина бос уақытының бәрін осы шеберханада өткізеді. Ол мына палантинді  бір түн ішінде жасап шығыпты.

ГАЛИНА ВОРОНКОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Жүз пайыз жүннен жасалған. Безендіру үшін таза жібек матаны алдым. Оюларын жүнді сумен басу тәсілі арқылы жасап шықтым. Өте нәзік, жеңіл, жамылуға ыңғайлы болып шықты. Палантинді иығына іліп шыққан кез-келген сәнқой әйел кештің ханшайымы болады.

Бұрынғы музей қызметкерінің халық өнеріне деген қызығушылығы жас кезінде оянған. Үйірмелер жүргізіп, алдымен тәрбиеленушілерін қолөнерге баулыпты. Осыдан төрт жыл бұрын киіз басумен кәсіби түрде айналысамын деп шешім қабылдаған. Оны жүзеге асыруға «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы ұтып алған 3 миллион теңге көмек болды. Осылайша шеберхана ашып, тапсырыстар қабылдай бастады.

ГАЛИНА ВОРОНКОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Мынау  эксклюзивті деуге тұрарлық бұйым. Өйткені қайталанбайды. Ал жастарға арналған мына белдіктің пайдасы зор. Белі жабық, жылы жүреді. Осындай белдікке бас киім немесе сөмке үйлестіруге болады.

Сүйікті ісін кәсіп  көзіне айналдырған шебер киіз басуға керек түрлі құрылғылар да алған. Енді «EXPO-2017» көрмесіне келетін меймандарға арнап шағын кәдесыйлар жасамақ. Өйткені туристік бағытқа ол тұратын Шарбақты ауданы да енген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер