Бүгінгі қоғамда шет тілді білемін деп біреуді таңқалдыру қиын. Тілді ағылшынға сындыру – сән емес, заман талабы. Бұны «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген қағиданы берік ұстанатын қазақ жастары қаперіне алған. Елордада  «Toastmasters» клубының мүшелері арасында шешендік өнер байқауы өтті. Турнирде қатысушылардың ағылшын тілінің қыр-сырын қаншалықты түйіп білгендері сыналды. Бір айта кетерлігі, бұл тілашар клубтарының әлем бойынша 400 мыңға тарта мүшесі бар. Қазақстанда бұндай 6 клуб бар екен. Олар Астана, Алматы, Атырау қалаларында орналасқан.

ҚОРЛАН БЕКТАСОВА, АСТАНАДАҒЫ «TOASTMASTERS» КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Астана «Toastmasters» клубын көпшілік ағылшын тілінің шешендік орталығы деп таниды. Бізге келгендер ойларынан жаңылмағандарын айтады. Кездесулеріміз таза ағылшын тілінде өтеді. Мақсатымыз - клуб мүшелерін шешендік өнерге машықтау, көпшілік алдында жетік, сенімді әдеби тілде сөйлеуге үйрету. Бұл алдымен адамның көшбасшылық қабілетін дамыта түседі

МАЙКЛ АДАМС, КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Біз адамдар арасындағы байланыстарға кедергі болмас үшін бұл бастаманы бірауыздан қолдадық. Тіл білмеудің кесірінен әңгіме құрмақ түгіл, сөз бастау мүмкін емес. Ал қызықты әрі танымды әңгіме сөзге шешен жандардың арасында өрбиді. Бастысы, әр адам өз ойын еркін жеткізе білуі тиіс. Біздің көздегеніміз - осы.

«Toastmasters» клубының шешендік сағаттары негізінен сұрақ-жауап диалог түрінде өтеді. Әр қатысушы берілген тақырыпта жүргізген зерттеулерімен бөлісу үшін жоба әзірлейді. Кейін бір үйдің балаларындай ерекше тұстарын бірлесе ақылдасып түртіп алады екен. Ал олқылықтар табылып жатса жұмыла түзеуге тырысып бағады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер