Елімізде бағалы металл өндірісінде өсім байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 75 тонна өңделмеген алтын алды. Оның ішінде 37 тоннасы тазартылған алтын. Бұл бағалы металл Ұлттық банкке жөнелтілді. Айта кетейік, Астанадағы әмбебап аффинаж зауыты іске қосылғаннан бері алтын өңдеу толығымен Қазақстанда жүргізіледі. Салалық министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл бағытты жетілдіру арқылы біз кәсіпкерлікті дамытуға жол аштық.

АЛЬБЕРТ РАУ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұдан біздің ұтарымыз көп. Мәселен, қосымша құн, технология өзімізде қалады. Ең бастысы әрине ол саладан өрбитін кәсіпкерлікті, яғни зергерлік бағытты дамытуға мүмкіндік ашылды.

Ақмола облысындағы алтын мен уран экспорты жайында бірер сөз. Мұнда 2016 жылы алтын өндірісінің көлемі 24 тоннаға жеткен. Темір шығаратын Масал кен орнына да артылған үміт зор.

Қазақстанның геологиялық барлау саласына шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Ирандық компаниялар Қазақстандағы аталған сала жұмыстарына 30 миллионнан аса қаржы құюға әзір. Қаражат еліміздегі мыс-парфир кенорындарын анықтауға бағытталмақ. «Қазгеология» мамандары Қарағанды облысында аталған кен табылуы мүмкін 6 орынды анықтаған. Осы салаға қаражат құюға Сауд Арабиясы да қызығушылық танытып отыр. Шетелдік корпорациялардың бірі түсті металл және бағалы металдардың, соның ішінде мырыш, күміс, алтынның кенорындарын анықтау үшін 50 миллион доллар көлемінде қаражат бөлмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер