Ел аймақтарының инвестициялық әлеуеті артып келеді. Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында индустрияландыру картасы аясында бірқатар шара атқарылды. Жалпы өңірге 6,5 миллиард теңге инвестиция құйылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша құны 334,6 миллиард теңге болатын 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 2,7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік тумақ. Жалпы өлке бойынша инновациялық бағдарламаның алғашқы кезеңінде 30 жаңа өндіріс ошағы іске қосылған. Былтыр 10 жоба жүзеге асты.

Мына трансформаторлық зауыт – отандық индустрализацияның жемісі. Кәсіпорын еліміздің энергетика және мұнай-газ салаларына қажетті өнім шығарады. Зауыттықтар 2016 жылдың қорытындысын асыра орындапты. Десе де өндіріс күшін еселеу көзделіп отыр. Толық қуатқа көшкенде тұрақты жұмыспен қамтылатындардың да қатары артпақ.

ӘМІР ҒАЛЫМОВ, ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫНЫҢ САТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

Сату бойынша жоспарды 15 пайызға артығымен орындадық. 3 мың 800 дана трансформатор сатылды. Үшіншіден, біз экспортқа бағдарланған өндіріс орны екендігімізді дәлелдедік. Сыртқы нарыққа шығарылған өнімдеріміздің үлес салмағы 95 пайыз. Қосымша жаңа желіні іске қосып, шығарылатын трансформаторлар санын 7 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Кәсіпорын құрылысына түрік инвесторлары да қаржы құйып отыр. Бүгінде негізгі қондырғылар орнатылды. Бірер айда жаңа желілер іске қосылмақ. Әзірге зауыт тек ішкі нарықты қамтып келеді. Өңірдің енді бір өндірістік жетістігі экологиялық К5 класты жанар-жағармай кәсіпорны. Жоспарға сай жоба жүзеге асқан соң аймақтың жоғары сапалы автомобиль отынына деген сұранысын толық қамтуға мүмкіндік тумақ.

АЛЕКСАНДР МАЮЧИЙ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

2017 жылы еуропалық талаптарға жауап беретін 220 мың тонна бензин мен 210 мың тонна дизельдік отын алатын боламыз. Қазір біз мазут шығаратын вакуумды қондырғыны орнатып жатырмыз. Шикізат терең өңделіп  тазартылады.

ЖАННА БЕКҚАЛИЕВА, КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

2017-2019 арналған 3,5 миллиард теңгеге 5 жобаны жүзеге асрыу жоспарланған. Бұл жобалар Зеленов ауданындағы 2 кірпіш зауыты «134» деген және «Жаппарқұлов» деген жеке кәсіпкермен. Және «Орал электикпен» жүзеге асыруда электро қалқандар шығару өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.

Ақмола облысы үшін де 2016 жыл табысты болды. Былтыр өңір экономикасын дамытуға 195 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға көп. Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 374 млрд теңгеден асты. Бұған аймақта ірі кәсіпорындардың көптеп ашылуы септігін тигізді. Мәселен, Ақмола облысы еліміздегі «Камаз» жүк көліктерін құрастыратын жалғыз өңір. Зауыттың Көкшетауда жұмыс істеп жатқанына биыл 11 жыл болды. Осы уақыт аралығында 11 мың 300-ге жуық техника құрастырылыпты. Ал, биыл 700 Камаз жиналған. Жалпы мұнда әр екі сағат сайын бір көлік құрастырылады. Осылайша конвейерден күніне кем дегенде 4-5 техника шығады. Өндіріс ошағында 200-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етіп жүр.

АЛЕКСАНДР ГРАБОВСКИЙ, АВТОМОБИЛЬ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНДІРІС БАСШЫСЫ:

Біз КАМАЗ жүк көліктерінің қозғалтқыштары эколгиялық талаптарға жауап беруіне аса мән береміз. Биылғылардың барлығы соңғы Еуро-4 стандарттарына сәйкес келеді. Ал, келесі жылдан  бастап басқа техника түрлерін жасап шығармақшымыз.

Шығыс Қазақстандағы «Каз-Мырыш» кәсіпорны жаңа жылдан бастап Қарағанды облысындағы «Жәйрем полиметалдары» жобасын жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде 400 млн доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. 20 мың адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорынның кен орындары еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан. Оның ішінде ТМД бойынша түсті металл өндіретін жерасты Малеев кен орнының шоқтығы биік. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиямен салынған инновациялық мыс балқыту зауыты да осы мекемеге тиесілі. Қазір онда 23 түрлі өнім өндіріледі. Кәсіпорын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 5 млн катодты мыс табақтарын шығарды.

ДМИТРИЙ ТИЛИЛЯЕВ, МЫС ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Зауыттың құрылғанына небәрі 5 жыл болса да, біз айтулы нәтижеге қол жеткіздік. Қыруар инвестиция құйылды. Өнімділік көлемін арттырып, әлемдік жетекші өндірушілермен иық тірестірдік. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қосар үлесіміз әлі де арта береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер