Автоөнеркәсіп саласының ел экономикасының дамуына қосар үлесі орасан. 2016 жылы Қазақстанда құны 62 млрд теңге болатын 11 мыңға жуық жаңа автокөлік шығарылды. Қазақстандық автоөндіріс саласында өскемендік «Азия Авто» кәсіпорнының шоқтығы биік. Өндіріс орны жылына 60 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Жыл сайын құрастырылатын көлік маркаларының моделі жаңарып отырады.

АЛМАС ТОҚТАРБЕКОВ, ТЕХНИК:

Қазіргі таңда күніне 30 автокөлік шығарамыз. Осыдан былай өндірісті арттырамыз, көбейтеміз деген мақсат қойып отырмыз.

Семейдегі «СемАЗ» зауытының ашылғанына да 10 жылға жақындады. Осы жылдар ішінде 8 мыңға жуық трактор, мың автобус, мыңнан аса жүк көлігі құрастырылған. «Мемлекеттің қолдауымен отандық мазмұнды 2 есеге дейін арттырып жаңадан жұмыс орындарын ашамыз»,-дейді кәсіпорын жетекшілері.

БЕКЗАТ ТҰРАШЕВ, ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР:

Осы зауытта жұмыс істегеніме 2 жылдай болды. Алғашында қиындау болып көрінгенмен, барлығын тез меңгеріп алдым. Әсіресе, «Қазақстанда, Семейде жасалған» деген жапсырмаларды жапсыру сәті ерекше мақтаныш сезіміне бөлендіреді.

Автобустардың қала ішінде және қала сыртында жүретін түрлері шығады. Ал болашақта саяхатқа арналған көліктер де шығару жоспарланған. Қазір техникалардың қазақстандық мазмұны 40 пайызға жеткен. Өнімдер халықаралық талаптарға сай, бағасы шетелдік өнімге қарағанда бір, бір жарым миллион теңгеге арзан.

ӘСЕМХАН ДОСҚОЖАНОВ, КӘСІПОРЫН ЖЕТЕКШІСІ:

Елбасының қолдауымен, Қазақстанның программаларымен бәрін қолдап бізге, Үкіметтің программалары көп. Жылына 500 автобус, трактордан 2 мың, жүк машиналарынан бір мың шығарамыз деген жоспар қойып отырмыз.

«Шахман» жүк көліктеріне жол салу мен құрылыс саласында сұраныс артып келеді. Ал «Урал» машиналары күш құрылымдарына икемделіп шығарылып жатыр.

Автөндіріс саласына Қостанай да үлес қосуда. Қазір мұнда Есіл комбайндары құрастырылады. 2016 жылы зауыттан 300 комбайн шығарылды. Биыл тұтынушыларға дала кемелерінің жетілген жаңа түрлерін ұсыну жоспарда бар.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, ҚОСТАНАЙ АВТОЗАУЫТЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Енді Италиялық Нюхолонд комбайнын өзімізде құрастыратын боламыз. Бұл – замануи жаңа техника. Оның сыртында 6-класты белорустық комбайнның соңғы үлгісін біздің зауытта жинау жөнінде екіжақты келісім жасалды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер