28-Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының басталуына 26 күн қалды. Қазір Алматы қаласының әкімдігі дайындықтарын пысықтауда. Байрақты бәсекеге қатысатын қазақстандық студенттер де биік тұғырдан көрінуге тырысып жатыр.

Алғашқы Универсиада ойындары 1960 жылы Францияның Шамони қаласында өткен. Араға 57 жыл салып кезек Алматыға тиіп отыр. Студенттер арасындағы жарысты абыроймен өткізу үшін қала басшылығы мен Универсиада дирекциясы тыңғылықты дайындалуда. 

НАИЛ НҰРОВ, УНИВЕРСИАДА ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қонақтарымызды әуежайдан қарсы алғаннан бастап, олардың жүктерін қабылдап алу, атлеттер ауылына жеткізу және олардың осында орналасуына дейінгі аралықта кететін уақыттарын бағамадап көрдік. Дайындық жұмыстарын бақылауға қала басшысы да қатысып, сын-ескертпелерін айтты. Оның барлығын түзеп, толықтыруға уақытымыз жетеді деп ойлаймын.

Жарыстар 8 спорттық нысанда өтеді. Оның ішінде екеуі Универсиада үшін арнайы салынған. Олар Алматы Арена мен Халық Арена. Қысқы Универсиада тарихында алғаш рет Атлеттер қалашығы бой көтерді. Жарыс аяқталған соң бұл пәтерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша алматылықтарға беріледі. Сондай-ақ, универсиадаға дайындық барысында 4200 ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. 

Бүгінде ұлттық құрамаға енген қыз-жігіттер де қызу дайындалуда.  Спортшылар алдағы Универсиадада барын салуға құлшынып отыр.

Айза ИМАНБЕК, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ:

Мәнерлер сырғанауға бірінші рет 4 жасымда келгенмін. Сол кезден сырғанап жүргеніме 13 жыл болды.  Универсиадада ең маңызды мақсатым өзімнің істей алғанымның бәрін көрсету.

Жақсы нәтиже көрсету үшін спортшылардың тағамы дәмді әрі құнарлы болуға тиіс. Универсиаданың ас мәзірінде қазақтың ұлттық тағамдарынан бөлек, европалық, азиялық және вегетериандық тағам түрлері болады. Қонақтарға еліміздің ең мықты деген 80 аспазы қызмет көрсетеді.

МЕРУЕРТ ӘУБӘКІРОВА, ТАМАҚТАНУ ЖӘНЕ ОРНАЛАСТЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Универсиада кезінде 40 тоннадан астам сүт өнімдерін қолданамыз. Тағамдар сиыр, қой, тауық және жылқы етінен пісіріледі. Жалпы 100 тоннадан астам ет пайдаланамыз.

Еріктілерге де үлкен міндет жүктелген. Дүбірлі дода кезінде 3 мың ерікті қызмет көрсетеді. Дені жастар. Әйтсе де олардың қатарында ересектер де, тіпті 79 жастағы ақсақал да бар. 

АБЫЛАЙ ҚОНДЫБАЕВ, ЕРІКТІЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Осы Универсиада тарихымызда бірінші рет 100 ерікті халықаралық еріктілер деп аталатын басқа мемлекеттерден келетін болады.

Қазақстан Унивесиадаларға 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Содан бері 125 медаль жеңіп алған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер