Қазақ гимнастикасының танымалдығы артып келеді. Салауатты өмір салтын ұстанушылар «Айкүне» әдістемесіне бет бұруда. Бұл – омыртқа  жұмысын жақсартуға арналған жаттығулар кешені. Өзгешелігі – қазақ шежіресіне негізделгендігінде. Әрбір жаттығу рулардың атымен аталған. Мұның да өз құпиясы бар.

АБАЙ БАЙМАҒАМБЕТОВ, «АЙКҮНЕ» ГИМНАСТИКАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

Адам өз санасына жат заттарды қабылдамайды. Сондықтан қазақ гимнастикасын ру таңбалары арқылы жасауды ойлап таптық.  Мұндай гимнастиканың нәтижесін 15-20 минут ішінде-ақ көруге болады. Омыртқа қызып, адамның мүсіні түзеледі. Яғни санаулы уақытта күрделі мәселелерді шешуге болады. Бұл жерде ешқандай идеология жоқ, тек физикаға сүйенеміз.

АЙМАН ӘБДІКӘРІМ, ОРТАЛЫҚҚА КЕЛУШІ:

Басында бұлшықеттерімді сезбегенмін. Арқаңды қатайту керек дейді. Ал мен сезбеймін. Қазір әрбір бұлшықетімді жеке-жеке сезетін болдым. Асқазаным ауыратын, ол да кетті.

Болат Рақымов гимнастикаға өзінің немересімен келеді. «Үшінші реттен бастап Айбектің белі біраз түзелгенін аңғардық»,-дейді ол.

БОЛАТ РАҚЫМОВ,  ОРТАЛЫҚҚА КЕЛУШІ:

Тоғызыншы, оныншы сеанстан кейін аяқтары босады. Бұрын сіңірі, бұлшықеті тартып қалатын. Бел омыртқа, мойын омыртқа солармен жұмыс істеп жатырмын. Результат болады деп сенемін.

«Айкүненің» оң әсерін ғылыми зерттеулер де дәлелдеп отыр. Гимнастика Санкт-Петербургтің денсаулық сақтау комитетінде бекітілген. Беларусь, Франция, Үндістан және Германияда да қазақ гимнастикасына бет бұрғандар баршылық. Құрастырушылар оны ұлттық брендке айналдыру мүмкін боларына сенеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер