Қазақстандық әнші Диаз Мусалимовтың аты АҚШ-та танымал. Ол алпауыт елдегі опера театрларының сахнасы мен джаз клубтарында ән шырқап түрлі телеарналардағы шоу бағдарламаларға шақырту ала бастаған. Жерлесіміз шығарған «I am from Kazakhstan» әнін жергілікті тұрғындар да шабытпен шырқайды. Семейдегі музыка колледжін бітірген жас талант арман қуып Америкаға келгенде, оңай болмағанын еске алады. Тіпті кей кездері өнерді қойып түрлі салада жұмыс істеген. Алғашында Нью-Йорктегі футбол командаларының біріне жаттықтырушы болып жұмысқа кірген ол, бос уақытында шіркеу хорында ән салды. Кейін Вирджина штатындағы Нор-фолк университетіне түсті. Оқу орнын  жақсы аяқтағаннан кейін Нью-Йорк университеті оны магистратурада білімін жетілдіруге шақырады. Диаз бүгінде оқи жүріп, жас студенттерге вокал сабақтарын береді.

ДИАЗ МУСАЛИМОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘНШІ:

Қазақстандық екенімді мақтан тұтамын. Жақында ғана «I am from Kazakhstan», атты ән жазып, әйгілі Birdland сахнасында орындадым. Туындымның әсерлі болғаны сондай, концерт біткенде халық сол әнді шырқап қайтты. Кез келген шараға қатысып, елімді әлемге әйгілеп жүргенімді бақыттың бір парасы деп білемін.

САНДРА ДАКОТА,  ПРОДЮСЕР:

Диаз - ерекше талант иесі. Оның дауысы кез келген жанрда ән салуға бейім. Қазір Нью-Йорк университетінде вокалдан сабақ беріп жүр. Жақында ғана концертіне қатысқанмын. Оның Америка мен Қазақстанда ғана емес барлық елде жұлдыз болуға мүмкіндігі бар.

ВИКТОР СИДАБРАС, ДИПЛОМАТ:

Мен дипломатия саласында 29 жыл еңбек еткен адаммын. Қазақстан мәдениетімен де жете таныспын. Бірақ бүгінгі концерт біз үшін ерекше болды. Диаз қазақ әндерімен қоса италиялық және америкалық әндерді де асқан шеберлікпен орындады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер