Қазақстандық өндіріс экспортқа бағыт алды. Мысалы, Ақмола облысының Степногорск қаласында калий тұзын шығаратын кәсіпорынның ТМД аумағында баламасы жоқ. Бұл – пестицид, гербицид сынды тыңайтқыштардың негізгі шикізаты. Өндіріс қуаттылығы жылына 20 млн литрге өнім шығаруға жетеді. Жобаның басты мақсаты – экспортқа шығу. 

ВЛАДИМИР БОГУШЕВИЧ,  БАС ТЕХНОЛОГ:

Біз осыған дейін Қазақстанда мүлдем болмаған калий тұзы глифосат қышқылын қазір өзімізде толық өндіруге мүмкіндік алып отырмыз. Мұндай шикізат Қазақстан түгілі, тіпті ТМД аумағында жоқ. Сондықтан, аталған жоба, бәріміз үшін айрықша бастама.  Бұл – біздің ноу-хау. Енді оны өз өнімдерімізге қиындықсыз қоса аламыз.  

Ал Теміртаудағы металлургиялық комбинат 2016 жылы 4 миллион тоннаға жуық болат балқытты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Ал келешекте өнім көлемін 6 миллионға жеткізу көзделген. Болаттың 70 пайыздан астамы экспортқа жөнелтіледі. Ең бастысы, мұнда еңбек қауіпсіздігі артқан. Әрі қоршаған ортаға тарайтын өндіріс қалдығы азаяды.   

ӨМІРЗАҚ ЖАУДИН, КӨРІКШІ:

Шойын ағатын, шлак ағатын арықтардың барлығы бетондалды. Бұрын барлығы смолкамен болатын. Қолмен істейтінбіз. Қара жұмыс. Қазір енді ол жұмыстарды горновойлар істемейді. Буланудан беттеріне, қолдарына, көздеріне зиян көп келетін. Қазір ондай жоқ.

Көкшетаудағы полипропилен қапшықтарын шығаратын серіктестігі биыл өнім көлемі жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 2013 жылы кәсіпорында биг-бэг қаптарының небәрі 15-20 мың данасы ғана шығарылса, бүгінде бұл көрсеткіш 10 есеге өскен. Фабрикада жалпы айына 10 миллионнан астам шағын қапшықтар да шығарылады. Қазір мұнда 700-ге жуық адам еңбек етеді.

АЙДАР ЖАҚЫПОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Біз өз кәсібімізді өркендету үшін «Бизнестің жол картасы-2020» және индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие алып отырмыз. Алдағы уақытта экспорттағы үлесімізді арттыруды көздейміз. Қазір өнімдерімізді Ресей мен Қырғызстанға жөнелтіп жатырмыз. Келесі жылдан бастап Еуропа нарығын байқап көрмекшіміз. Қазірдің өзінде Италиямен байланысымыз бар.

Кәсіпорын өндіріс көлемін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Ол үшін алдағы жылдары тағы 400-ге жуық адамды жұмысқа алмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер