Шығыс Қазақстандағы автомобиль өндіруші отандық кәсіпорын ресейлік маркалы автокөліктің 4 моделін өндіріске енгізді. Бұған дейін мұнда аталмыш марканың 3 түрі шығарылатын. Сарапшылар кәсіпорынның ТМД көлемінде сұранысқа ие көліктерді шығаруға күш-қуаты жетеді дейді.

НИКОЛЯ МОР, «АВТОВАЗ» ААҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз сапаға аса көңіл бөлеміз. Тіпті, вице-президентімізді Жапониядан арнайы шақырттық. Ол алдын-ала Өскеменге келіп, өнімнің сапасын жіті бақылады әрі жоғары бағалады. Бүгін тұсауы кесілген жаңа модельдерімізде жапон сапа белгісі орнатылатын болады.

Ал Шымкентте қоғамдық көліктің жаңа түрін құрастыру жоспарлануда. Жолаушыларға арналған автобус экологиялық тұрғыдан тиімді. Әрі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы. Арбаға таңылған жандар бұл қоғамдық көлікке қиналмастан мініп-түсе алады. Автобус әзірге шетелде құрастырылуда. Алдағы уақытта оңтүстікте жинау жоспарланып отыр. Бұл үшін жергілікті әкімдікпен екі жақты келіссөздер жүргізілуде. Іскер топтың айтуынша, тың идея жүзеге асса, жылына 150 автобус жинақтауға мүмкіндік бар.

БАҚЫТ ЖАСҰЗАҚОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

Тиімді. Сосын мұның жақсы жері экологиялық Еуро 5. Газбен де бар, Еуро 5 дизельмен де жүре береді. Бізде қайсы модель қолайлы келеді, осында тасымалдаушы бар солар қайсысын қолдаса соны бастаймыз.

2016 жылы автоөндіріс саласының еліміздегі ішкі жалпы өнімнің ұлғаюына қосқан үлесі 61,5 млрд теңгеге жеткен. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, автокөлік шығарушылар мен оны сатушылар бюджет қаржысына 17 млрд 400 млн теңге көлеміндегі салық түсірген.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер