Жаңа жылда Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысына кіріседі. Еліміз – беделді ұйымның маңызды саяси органының құрамына сайланған алғашқы ортаазиялық мемлекет. 140-қа жуық елдің Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі етіп сайлауы –республиканың жүргізіп отырған бейбітсүйгіш саясатына көрсетілген зор құрметтің белгісі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанның алдағы екі жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсідік кеңесіне мүше болуы осы маңызды органда өз күн тәртібін ұсынуға мүмкіндік береді. Еліміз оның құрамында бүгінгі әлемнің түйткілді мәселелері бойынша дауыс беруге қатысады, соның ішінде Сирия мен Украинадағы жағдайлар бар.

2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Осы басқарушылық тәжірибесі елге Біріккен Ұлттар Ұйымындағы қызмет барысында түйінді мәселелерді шешу жолында серпіліс береді, дейді аталған ұйымның Бас хатшысы Ламберто Заньер.

ЛАМБЕРТО ЗАНЬЕР, ЕҚЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында Қазақстан қалдырған мұраның маңызы туралы айтудан жалықпаймын. Ал Қазақстанның БҰҰ-мының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы елді әлемдік қауымдастықтың аймақта және жаһандық деңгейде танығанының айқын дәлелі бола алады. Қазақ елі басшысының идеялары өте өзекті. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және оны таратпау жолында қосып отырған үлесі әлемдік қауымдастық мүшелері үшін үлгі боларлық бастама деп айта аламын».

Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің пікірінше, Қазақстан Кеңестегі жұмысына аса күрделі кезеңде кіріскелі отыр.

ВИТАЛИЙ ЧУРКИН, РЕСЕЙДІҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Әрине, Қауіпсіздік кеңесіне мұндай аумалы-төкпелі уақытта келген Қазақстан айтарлықтай табандылық танытты. Өйткені екі жыл аз уақыт емес. Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етеді. Мен қазақ елінің бұл міндетті сәтті атқарып шығатынына және дипломатиясы халықаралық аренада бұрынғыдан да танымал бола түсеріне сенімдімін.

Қалай болғанда да, Қазақстан сияқты бітімгер, бейбітсүйгіш елдің беделді ұйымның қызметіне араласуы, маңызды шешімдердің қабылдануына қатысуы жаһандық қауіпсіздік мен бейбітшілік үшін тиімді болмақ. Және де бұл жұмыс қазақ елінің әлемдегі беделін одан әрі биіктете түсері анық, дейді сарапшылар.

ПАОЛО ЗАМПОЛЛИ,  ДОМИНИКАНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен БҰҰ-мен жұмыс істеу барысында Қазақстанды жан-жақты танып білдім. Сіздердің елдеріңіз келер жылы бұл ұйымға мүше болу арқылы өзінің  имиджін тағы бір мәрте асқақтата түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер