Келер жылы Астанада өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне Жамбыл облысы да дайындалып жатыр. Өңірдің көрме қонақтарына көрсететін жобалары баршылық. Себебі Жамбыл облысы елімізде жұмыс істеп тұрған «жасыл экономика» нысандары бойынша аймақтар арасында бірінші орында. Бүгінгі күні өңірде 9 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. Орталық Азиядағы ең үлкен күн электр станциясы осы Жамбыл облысының Жуалы ауданында орналасқан. Мұнда сағатына 50 мегаватт энергия өндіріледі.

ИВАН ЗАБАРИН, КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мұнда 192 мың 192 шағын панель орнатылған. Әрқайсысының қуаты 260 ватты құрайды. Нысан маңынан аралық станция салдық. Алдағы уақытта станция қуаттылығын тағы 50 мегаваттқа арттыруды көздеп отырмыз.

Ал Қордай асуында тұрған алып генераторлар желден энергия өндіреді. Ауданның табиғи-климаттық жағдайы бұл құрылғылардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне қолайлы. Қазір бұл аумақта 50-ге тарта осындай генератор орнатылған.

Бұлардан бөлек, өңірде 4 гидроэлектр станциясы бар. Жалпы, биылғы жылы 9 нысан 280 миллион киловатт энергия өндірген.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚОРҒАНБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Алдағы уақытта 2017-2020 жылдарға дейін қосымша бес жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ол шамамен 247 мегаватты құрайтын болады.

Бұл жобаларды іске асыру үшін Франция, Германия, Түркия, Ресей мен Қытай инвесторларын тарту көзделген. Ол үшін келер жылы Астанада өтетін «ЕХРО-2017» көрмесінде аймақ мәртебелі меймандар назарына жұмыс істеп тұрған нысандар мен жоспарларын ұсынбақшы.

ТИМУР ЖАНКЕ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықаралық көрме барысында күннен қуат алатын «Бурное-Солар1», жел электр стансаларын, сондай-ақ, қуаттылығы 9,2 және 3,2 мегаватты құрайтын гидроэлектр стансаларын көрсетпекшіміз. Біздің ойымызша, аймақта «жасыл экономика» бағытында атқарылған жұмыстар көрме қонақтарын қызықтыратын болады.

Осылайша, Жамбыл өңірі еліміздің «жасыл экономикаға» көшу ісіне айтарлықтай үлесін қосып отыр. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын арттыруға басымдық берілуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер