«Болашақ» бағдарламасы 18 отандық дәрігерге Оңтүстік Кореяда біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік берді. Олар 2 ай бойы Сеулдегі ең озық емханаларда тағылымдамадан өтті.

ЕЛДОС СМАЙЫЛОВ, ХИРУРГ-ОНКОЛОГ:

Семейге барысымен осы жинаған тәжірибемді іс жүзінде қолданып көремін. Әсіресе, лапороскопиялық операцияларды жасау барысындағы тың технологиялары таңқалдырды. Бұдан былай, мұндай әдістерді өз елімізде де жүзеге асыратын боламыз.

Екі елдің хирург-онкологтары арасындағы басты айырмашылық – жасайтын операцияның көлемі мен күрделілігінде. Яғни, кореялық дәрігерлер бір ғана ағзаға операция жасап, сол бағыттағы ізденісін тереңдете береді. Ал отандық мамандарды әмбебап деуге болады. Бұл хирургтардың жетіспеушілігіне де байланысты. Осы тығырықтан шығудың жолы ретінде дәрігерлер шетелде тәжірибе жинап, тағылымдамадан өтті.

КИМ ГОН СУ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ /КОРЕЯ/:

Қазақстан дәрігерлерімен жұмыс жасап келе жатқанымызға 4 жыл болды. Осы аралықта 150 маман біліктілігін жетілдірді. Оның ішінде хирург, терапевт пен урологтар бар. Бұған қоса, бізде Үндістан, Филиппин, Ресей және басқа да елдердің дәрігерлері тәжірибе жинауға келеді. Қазақстандық әріптестеріміз жоғары жауапкершілігімен және қабілеттілігімен ерекшеленеді.

Елдос Смайылов «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәлім алу үшін Астанада арнайы тест тапсырды. Бұған қоса, қазақ тілінен сынақ пен психологиялық іріктеуден өтті. Осылайша, ол 80 хирургтің арасынан таңдалған төртеудің бірі болды. Жалпы биыл 700 адам «Болашақ» стипендиясының иегері атанды. Оның 24-і – дәрігерлер.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер