Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Еуразияның орталығында орналасқан еліміз бүгінде халықаралық маңыздағы көлік дәліздерін құрып, осының арқасында транзиттік әлеуетін арттырған. Бұл шет елдермен тауар айналымын жақсартуға, жүк тасымалын ұлғайтуға септігін тигізді. Мысалы, Ақтаудағы Құрық порты теңізбен де теміржолмен де байланысқан. Айлақты шойынжолмен «Боржақты – Ерсай» темір жол желісі жалғайды. Бұл оның өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік берді. Жақында жүк өткізу айлағы теңіз арқылы паром жөнелтуге көшті. Вагондарға тиелген отандық тауарлар әуелі Бакуге жол тарты. Кешен тәулігіне бес паром қабылдап, бір жылда 4 млн тонна жүк жөнелте алады.

ӘЛИ ҚАРАБАЛИН, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ ҰК ҚҰРЫҚ ПОРТЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Порттың теңізбен жалғанар бөлігіне темір көпір орнатылуымен құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталды. Қалғаны келер жылы атқарылады. Әкімшілік, кеден және шекаралық бақылау кеңселері жоспарға сай бой көтеруде. Ендігі жерде Қазақстан астығы мен мұнайын Каспий маңындағы елдерге өткізу көлемі еселенбек.

Ал «Алматы-Шу» темір жолы Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда-саттықтың дамуына негіз болмақ. Ұзындығы 110 шақырымдық шойын жол жүк тасымалдау мерзімін 2 есеге қысқартып, пойыздарды өткізу қабілетін 2,5 есеге арттырады. Жоба құны 38 млрд теңгеден асады.

ЕРБОЛ ДҮЙСЕМБАЕВ, «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Жобасы іске асырғанға дейін 17 жұп жүк құрамы ғана жүре алатын. Ал жоба іске асқан соң 70 жұп поезд құрамдарын өткізуге қауқарды. Оған қоса, жолаушы поездарының қозғалысы тағы бар.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеу қолға алынды.  Республикалық маңызы бар 8 тасжолдың құрылысына қазынадан 327 млрд теңге бөлінді, 75 мың адам жұмыспен қамтылды. Жыл аяғында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Көкшетау-Петропавл» тас жолдарын ашу жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер