«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық шеңберінде 2016 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Оның айтуынша, құрылыс аяқталуға жақын. Енді тағы бір маңызды жұмыс легі басталады. Ол - ішкі мазмұн. Бүгінде кешенді шараға қатысушы мемлекеттер саны 112-ге жеткен. Соның 108-і өз комиссарларын  тағайындап үлгерген. 75 мемлекет ұлттық күндерін өткізудің кестесін бекітіп қойды. 

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Павильондарды тапсыра бастадық. Әзірге Бельгия, Германия, Франция, Қытай, Ресей секілді 8 елге бердік, олар енді өз жұмыстарын бастайды. Олар дайындыққа біраз уақыт берілгеніне қуанып жатыр. 18 ұйым, 112 елдің өкілдері қатысады. Қазір билеттерді, сату, ЕХРО-ны насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Ақпанда халықаралық қатысушылармен шешуші кездесу өткіземіз.

Астанадағы «ЕХРО» көрмесі нағыз дағдарысқа қарсы жобаға айналды. Мұндағы құрылыста отандық өндіріс орындарың құрылыс материалдары пайдаланылып отыр. Осы уақытта ауданы 1 млн шаршы метрден астам ғимарат салынды. Соның ішінде, шара қонақтары мен қатысушыларына арналған баспана мен павильондар бар. Осының барлығы көрмеден кейін нарықта сатылады.

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ "АСТАНА ЭКСПО-2017" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

ЕХРО күтпеген жерден дағдарысқа қарсы бағдарламаға айналды. 48,9 млрд теңгеге 322 отандық тауар өндірушінің өнімі сатып алынды. 50 мың адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік туды. Құрылысшылар саны он төрт мыңға жеткен кезін білеміз. Көлемі 1 млн шаршы метрді құрайтын ғимараттар тұрғызылды. Барлығы 4400 пәтер салынады.

Айта кетейік, «ЕХРО» көрмесіне 126 млн еуро қаражат демеушілерден түссе, құйылған инвестиция көлемі 211 млрд теңгеге жеткен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер