Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған жобалар ел экономикасын өрге жетелейді. Жақында іске қосылған Ақтоғай кен байыту фабрикасының жұмыскерлері осындай пікірде. Мұнда сульфидті кеннен тауарлы мыс концентраты келесі жылдың бірінші тоқсанында өндіріледі деп көзделген. Алып комбинаттың құрылыс жұмыстарына 4 мыңнан астам адам тартылса, қазір мың жарым адам еңбекпен қамтылған. Индустриялық даму бағдарламасына кірген жобаның жүзеге асуы аудан, одан ары ел экономикасына серпін береді, дейді мұндағылар.

БАҚЫТЖАН БАЙАХМЕТОВ, ШҚО АЯГӨЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өндірілетін мыстың көлемі 90 мың тонна негізінде сульфидтік зауыттан және 15 мың тонна оксидтік зауыттан. Жалпы, ауданның өнеркәсіп көлемінің жылдық көрсеткіші біз есептеп отырмыз, келесі жылы 37 миллиард деп. Бір жылдан кейін толық қуатына шыққанда ол 2 есеге өсетін болады.

Ал Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы темір рудасын өндіретін кәсіпорын өнім сапасы арттыруға ден қойған. Бұрын мұнда құрамында 40-45 пайыз ғана темірі бар кен өндірілсе, қазір 54 пайыздық темірі бар руда алынып отыр. Бұған жаңа кен байыту фабрикасын іске қосу арқылы қол жеткізген. Өңірдегі индустрияландыру картасына енген кәсіпорында алдағы жылдары да ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ.

Биыл жыл басынан бері осы «Атансор» кен орнынан 400 мың тоннадан астам темір рудасы алыныпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Карьерден сондай-ақ, мартит рудасы да алынады. Кейіннен ол магнит рудасымен бірге осындағы фабрикаға жеткізіліп, одан темір рудасы өндіріледі.

АЛЕКСАНДР ЛУНАУ, ТЕХНИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бізде әрбір вагонның жүктемесі жіті есептеледі. Біреуінде қалыпты көлемнен көп, келесісінде аз болып қалмауы қажет. Ол менің – басты міндетім. Қазіргі таңда Теміртауға айына 30 мың тонна өнім жөнелтіп отырмыз. Ал, жаздыгүні бұл көрсеткіш 40-45 мың тоннаға дейін жетеді.  

Айта кетейік, Ақмола облысында «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 828 млрд теңгенің 111 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал бұл, 14 мың адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.  

Жезқазған қаласының Сарыкеңгір ауылдық округінде алтын өндіретін кәсіпорын ашылды. «Жалтырбұлақ» кен орнында 7 жылдан бері жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары нәтижелі болып, құрамында алтын бар кен табылды. Қазір кәсіпорын сол бағалы металды ашық әдіспен өндіруді қолға алды. Қарағанды облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жобаның жалпы құны - 3,4 млрд. теңге.

СЕРГЕЙ ВЕРПЕТА, КОМПАНИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз 2017 жылы Доре зауытының құрылысын жобалап, салуды көздеп отырмыз. Бұл бізге Қазақстан нарығына өнім шығаруға мүмкіндік береді. Ол 999 сынамалы алтын немесе доре құймасы болады.

Алдағы уақытта кәсіпорын жылына 1 тоннаға дейін алтын өндіруді жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер