Қазақ музыкасының көрнекті өкілі, композитор Нағым Меңдіғалиевтің  «Домбыра туралы аңыз» атты туындысы Брюссельде орындалды. Жас өнерпаз Аида Ахметова ұлтымыздың айтулы мәдени мұрасын Бах пен Рахманиновтың музыкасымен бірге Бельгиядағы Сезар Франк атындағы пианистердің халықаралық байқауында орындады. Беделді қазылардың жоғары бағасын алған қазақстандық өнерпаз мамандарды талантымен тәнті етті. Вена өнер университетінің студенті Күләш Байсейітова атындағы қазақ музыка мектебінің тамаша дәстүрін жалғастырып жүр.

АИДА АХМЕТОВА, ПИАНИСТ:

Біздің нөміріміз үшін арнайы шығарма жазылып, екі фортепиано және үш үлкен хордың сүйемелдеуімен орындадық. Скрипкашылар ансамблі мен виолончельшілер оркестрі де қосылды. «Астана-Операның» үлкен сахнасында оркестрмен өнер көрсетіп мол тәжірибе жинадым. Қазақ елінен осында келіп, мектебіміз бен композиторларымыздың атын әлемге паш ету үлкен мәртебе екенін де сезінемін.

ФИЛИПП РАСКИН, БАЙҚАУДЫҢ АРТ-ДИРЕКТОРЫ:

АУДАРМА: Біз бұл конкурсты төртінші мәрте өткізіп жатырмыз. Бельгияның композиторы Сезар Франк атындағы өнер сайысы өз елінің мәдениеті мен музыкасын орындайтын жастарды қолдауға бағытталған. Біз 24 елден 50 өнерпазды таңдап алып, жартылай финалға шығардық. Олардың арасында Еуропаның ғана емес, Қытай, Жапония және Қазақстанның өкілдері болуы мен үшін қуанышты жағдай! Сіздердің қыздарыңыздың орындауындағы туынды арқылы қазақтардың музыкасының құдіретін естідім. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер