Индустрияландыру бағдарламасы іске қосылған 7 жылдың ішінде Қазақстанда зауыттар мен фабрикалардың құрылысына 4 трлн теңге қаржы бағытталған. Бұл өндірістер осы уақыт ішінде 7,5 трлн теңгенің табысын әкеліп үлгерді. Еліміз экономиканы әртараптандыруға ден қойғалы, жаңа салалар игеріліп, заманауи өндірістер ашылды.

Солардың бірі –индустрияландыру картасы аясында іске қосылған Оңтүстік Қазақстан облысындағы литий зауыты. Зауыт машина жасауға қажетті құйындылар жасайтын болады. 2 миллиард теңгеге бағаланған кәсіпорын 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Немістің құрал-жабдықтарымен бірегей өнімдер шығару көзделген. Мәселен, ыстыққа берік сорғы дөңгелектері. Мұндай өнімді еліміз шетелден әкелетін. Енді литий зауыты ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп, артылғанын сыртқы нарыққа шығармақ.

ИГОРЬ ГРИЧАНИЧЕНКО, БАС ИНЖЕНЕР:

Қазір өндірістің  алғашқы бөлігі іске қосылды. Ол – 250 – 500 кг болатын балқыту кешені. Қоспаларды салқындатып, қатырылатын қалып желісі де іске қосылды.Сондықтан зауыттың болашағы зор деп сеніммен айтуға болады.

Ал Ақтөбеде үй құрылысы комбинаты жұмысқа кірісті. Жаңа кəсіпорын жабу тақтайлары мен қабырға панельдерін және құрылысқа қажетті сатылар шығарады. Жоба жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы. Енді комбинат өңірдегі тұрғын үйлер құнын арзандатып кірпіштен салынатын үйлер құрылысының екі есеге азаюына жол ашады. Сонымен қатар, ішкі нарықты 100 пайыз отандық өніммен қамтиды.

ДƏУЛЕТ ƏЛИЕВ, КОМБИНАТ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда зауытта 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Болашақта тағы да жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Зауытта шығарылатын өнімдердің барлығы неміс технологиясы бойынша өндіріледі. Қазіргі таңда да сұраныс бар.

Тараздағы «Минералды тыңайтқыштар зауытында» экстракциялық фосфор қышқылын өндіретін технологиялық жүйе қайта жаңғыртылды. Жоба құны 9 млрд теңгеден асады. Жаңа цех жылына 220 мың тонна өнім шығарады. Осының негізінде бір жылда өндірілетін ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштардың көлемі 147 мың тоннадан 500 мың тоннаға артады. Ал бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 15-20 пайызға еселеуге мүмкіндік береді, - дейді мамандар.

МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Екі жылдан артық уақытта бітірдік. Құрылысқа негізінен дүниежүзіндегі жаңа жабдықтар техникалық шешімдер осы жерде іске асырылды. Бұның барлығы Қазақстандағы ауылшаруашылығы мекемелерін 100 процент қаражатының барлығын жабады деген ойдамыз.

Үдемелі индустриялық инновациялық бағдарлама іске асырылғалы еліміз бойынша 900-ден аса жоба іске қосылды. Жаңа кәсіпорындарда 90 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Ал екінші бесжылдық шеңберінде биылдың өзінде 63 кәсіпорын жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні құны 11 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық жоба жүзеге асырылу үстінде. Олар тау-кен өнеркәсібі, мұнай өңдеу, ғарыш, теміржол құрылысы, энергетика және туризм салаларын қамтиды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер