Энергияның жаңғыртылатын көздері жөніндегі халықаралық агенттік «EXPO-2017» көрмесіне қатысатынын растады. Бұл туралы шартқа ұйымның бас директоры Аднан Амин және «EXPO -2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев қол қойды.

АДНАН АМИН, «IRENA ЭНЕРГИЯНЫҢ ЖАҢҒЫРТЫЛАТЫН КӨЗДЕРІ ЖӨНІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГЕНТТІГІ» БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанда болған кезде сіздің елдің және Президентіңіздің баламалы қуат көздеріне зор үлес қосуға деген талпынысына таң қалдым. Біздің Агенттік «ЕХРО-2017» көрмесіне белсенді қатысып, Қазақстанмен бірлесіп, болашақ энергиясын дамыту жөнінен халықаралық қауымдастыққа ықпал ететін болады.

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, EXPO-2017 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ КОМИССАРЫ:

Меніңше, «IRENA» өзімен бірге көптеген қызық нәрсе алып келеді, ол біздің көрмеге зор үлес қосып, жаңғыртылатын қуат көздерінің саласындағы мамандарымызды тәжірибеден өткізуге дайын. Олар еріктілер ретінде жұмыс жасап, еліміздің жасыл экономикаға көшуі жөнінен жол картасы бойынша жұмыс атқарады.

Мемлекет басшылары мен сарапшылардың айтуынша, баламалы қуат көздерін көрменің басты тақырыбы етіп алу дер кезінде қабылданған көреген шешім болды. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың басында «Болашақ энергиясы» Дүниежүзілік саммитіне қатысуы еліміздің уақытқа сай алға басып келе жатқанын көрсетеді.

АНКА ВЕСТЛЕЙ, «ABU DHABI SUSTAINABILITY WEEK & SPECIAL PROJECTS» ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ энергиясы» Дүниежүзілік саммитіне қатысуға келісім беруі біз үшін өте маңызды. Себебі бұл іс-шара барысында қарастырылатын басты мәселе сіздің Президентіңіз «Астана EXPO-2017» көрмесі үшін басты етіп жариялаған тақырыппен байланысты.

Біріккен Араб Әмірліктері өз Ұлттық павильонын безендіру үшін әлемдегі ең ірі көрме және музей әзірлеушісі «Ralph Appelbaum Associates» компаниясын шақыртыпты. Осы орайда дайын жобаны EXPO-2017 көрмесіндегі Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық павильонының Комиссары Салем Әл-Амири ұсынды.

САЛЕМ ӘЛ-АМИРИ, «АСТАНА EXPO-2017» КӨРМЕСІНДЕГІ БАӘ ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОН КОМИССАРЫ:

Біздің павильон көрмедегі ең үлкен павильондардың бірі болады, біз дайынбыз. Ұйымдастыру жағынан да сақадай саймыз. Павильонды қаңтар айынан бастап безендіруді көздеп отырмыз.

Жалпы, Біріккен Араб Әмірліктері – «EXPO-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған алғашқы Таяу Шығыс елі. Ал көрме аясында Астанада 112 ел және 18 халықаралық ұйым өз павильонының есігін айқара ашады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер