Түркияның ең көне, әрі беделді жоғары оқу орны Ыстамбұл университетінде әлемнің екінші ұстазы атанған түркі халықтарының көрнекті тұлғасы Әл-Фараби атындағы зерттеу орталығы ашылды. Жаңа орталық ғұлама ойшылдың еңбектерін терең зерттеп-зерделеуге және жас ғалымдардың әлеуметтану, философия мен жаратылыстану ғылымымен кеңінен шұғылдануына жол ашпақ.

БЕКИР ҚАРЛЫҒА, ТҮРКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Қазақ топырағында туып-өскен әлемге әйгілі ойшыл, түркі халықтарының маңдайалды ғалымы, ислам жұртының философы, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің адамзат өркениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Біз бүгін көрнекті тұлғаның есімімен зерттеу орталығын салтанатты жағдайда ашып отырмыз. Өйткені өскелең ұрпақ Фараби ілімінен нәр алып, оның мәдениеттер теориясын терең меңгеруі тиіс.

Орталықта зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Мұнда семинар өткізетін мәжіліс залы, жеке кеңселер мен кітапхана және ас бөлмесі бар. Салтанатты шара аясында Қазақ ұлттық университеті орталыққа ұлы ойшылдың еңбектері мен қазақстандық ғалымдардың ғылыми материалдарын және көрнекті тұлғаның өмірінен сыр шертетін деректі фильмдерді тарту етті. Өз кезегінде Ыстамбұл университетінің ұжымы екіжақты ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, жылына екі-ақ адамға тағайындалатын Ыстамбұл университетінің «Құрметті докторы» мәртебесі мен университет орденін биыл Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа салтанатты түрде табыстады.

ҒАЛЫМҚАЙЫР МҰТАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ:

Болашақта ғылыми зерттеу, ағартушылық, жас мамандарды дайындау, осы орталық арқылы жүреді. Оған қоса түрік әлемін әлемге таныту. Сол себепті біз бірігіп мамандар дайындауды соңғы екі жылда жақсы қолға алдық. Үлкен ауқымды келісім-шарт бар. Біздің барлық мамандар қазір осы орталықта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ал Түркиядан келген студенттер және үлкен ғалымдар бізде қызмет атқаруда.

Сондай-ақ, кездесуде университеттер арасында студент алмасу бағдарламасы мен оқытушы құрамды іс-тәжірибеден өткізу жай-күйі сөз болды. Бұл бағытта ұлттық университет пен Ыстамбұл университеті әріптестік ынтымақтастықты арттыру жөнінде өзара келісімге келді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер