Нью-Йорктегі Манхэттенде Қазақстан әнұраны шырқалды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған басты мерекелік шаралар осылай басталды. Америкалықтар бізбен бірге айтулы мерекені атап өтіп, мемлекетімізге зор құрметпен қарап, тәнті болатынын жасырмады. Олар Ұлы дала елін ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс пен бітімгершілік көшбасшысы санайды, ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісін де жоғары бағалайды.

АХМЕД ФАТХИ, «AMERICAN TELEVISION NEWS» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Қазақстан халықаралық қауымдастық үшін тығырықтан жол тауып, күрмеуі қиын мәселеде оң шешім таба алатын мемлекетке айналды. Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы жұмысына үлкен үміт артып отырмыз. Мерекелеріңізбен құттықтаймын, табысты болыңыздар».

ЛЕЙЛА ЗАУДСКАЯ, БҰҰ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Кезінде бұл мемлекеттің осындай жетістікке жететінін ешкім де болжаған жоқ. Барлығы сіздер туралы тек оң пікір айтады. Халықты айтулы мерекемен құттықтап, одан да биік белестерді бағындыруға тілектеспін. 

Әлем бойынша Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниет танытып жатқандар аз емес. Олар Қазақ елімен санасып, құрметпен қарайды.

АНТОНИО ТЕТЕ, АФРИКА ОДАҒЫНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен қарым-қатынасымыздың қалай өрбіп келе жатқанын бақылап отырмын. Сіздер БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің құрамында жаһандық шиеленістерді шешуге атсалысасыздар. Африка одағы бұл бағытта сіздерге қолдау көрсететін болады».

ЗИНА АНДРИАНАРИВУЛУ, МАДАГАСКАРДЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Мен мұнда Мадагаскар мүддесін қорғап жүргеніме 10 жылдан асып кетті. Осы уақыт ішінде Қазақстанның даму екпініне қарап таңырқап отырмын. Сіздерге тек жетістіктер тілеймін. өсіп-өркендей беріңіздер!

КАТАЛИН БОГАЙИ, ВЕНГРИЯНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Сіздер мәдени құндылықты сақтай алдыңыздар. Бұл өте маңызды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын және БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Қонақтар еліміздің бірегей мәдениеті мен өнерін жоғары бағалайды. Өйткені тәуелсіздік жылдары қазақстандық өнерпаздар әлемдік сахналарды бағындырып үлгерді.

СҮНДЕТ БАЙҒОЖИН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

Мен Нью-Йоркке Метрополитен-операның шақыруымен тыңдалымға келдім. Менің сапарым Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Шетелдік қонақтар алдында Қазақстан атынан өнер көрсеттім.

Кеш қонақтары арасында қазақ диаспорасының өкілдері де бар.

АЛИК ПИНХАСОВ, НЬЮ-ЙОРКТІҢ БҰХАРА ҚАУЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Мен Қазақстанның Түркістан қаласында дүниеге келдім. Қазақстандықтар ақкөңіл, адал және қонақжай адамдар. Біздің баршамызға қолдау көрсетіп отырғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғасымызды айтамыз.

Шара барысында «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Ұлт көшбасшысы» қоры коллекциясының фотокөрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер