Еуропалық қайта құру және даму банкі 25 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 7 млрд еуро көлемінде инвестиция құйды. Қаржы ұйымының басшысы Сума Чакрабартидің айуынша, банк үшін Қазақстан тығыз қарым-қатынас орнатқан үздік бес елдің құрамына кіреді.

СУМА ЧАКРАБАРТИ, ЕҚДБ ПРЕЗИДЕНТІ:

Даму жағынан алып қарар болсақ, осы 25 жыл ішінде Қазақстан әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өзін өте сәтті көрсете білді. Осының бәріне ықпал еткен ел басшысының көшбасшылық қасиеттерін ерекше атап өтер ем. Біздің банк те осы жылы 25 жылдығын атап өтті. Бұл сәйкестікте байланысымызды одан әрі жақындататын ерекше бір сабақтастық бар екендігін сеземін.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық алдағы уақытта тек нығая бермек. Қаржы ұйымы Қазақстан экономикасына 800 миллионнан 1 млрд еуроға дейін инвестиция құюды жоспарлап отыр. Биыл 30-дан астам жобаға 900 миллион еуроға дейін қаржы бөлмек. Бұл негізінен – ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, энергия-үнемдеу мен шағын және орта бизнес саласындағы жобалар.

ДЖАНЕТ ХЭКМАН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҚДБ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Биыл Қазақстанның Жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,7 пайыз деңгейінде болады деп болжам отырмыз. Ал келесі жылы ол 2,4 пайызға дейін жетеді деп ойлаймыз. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасына, оның тұрақтылығына үлкен сеніммен қарайды. 

Банк сарапшыларының пікірінше, ел экономикасының дамуына Қашаған кен орны айтарлықтай үлес қосуы тиіс. Егер Қашаған тәулігіне 300 мың баррель өнім өндірсе, онда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қосымша жарты пайызға артады. Әзірге Қашағанда тәулігіне 100-120 мың баррель қара алтын өндіріліп жатыр. Жалпы, Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшылығы ел экономикасына оң бағасын берді. Банк қаржы салған жобалар табысты жұмыс істеп келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер