Қытай Қазақстаннан 1 млн тоннадан астам бидай импорттамақ.  Ал ЕАЭО елдеріне 479 мың тонна астық жеткізіледі. Бұдан бөлек, ТМД елдеріне 2,5 млн тонна және Иранға 900 мың тонна қазақстандық дәнді дақыл жөнелтілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер 2017 жылы қазақстандық бидай мен еттің қандай елдерге экспортталатындығынан хабардар етті. Бұған дейін ведомство өкілдері елімізде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығын ашу жоспарымен бөліскен болатын.Оның міндеті – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге құжаттық және қаржылық қолдау көрсету. Өнімді экспорттау мүмкіндіктерін қарастыру. Яғни орталық шетелдегі жәрмеңкелер мен көрмелерде отандық өнімдерді ұсыну және бір брендке топтастырылған өнімдерді алға жылжытумен айналысатын болады.

Гүлмира ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Орталықтың қолдауымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тікелей немесе көлік-логистикалық орталықтар арқылы шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады. Ауқымды партиялар әзірлеп, оларды тұтынушыға жеткізе алады. Мұның бәріне орталық қызметкерлері барынша қолдау көрсетпек.

Жиын барысында вице-министр мал шаруашылығы тиімділігін 40 пайызға арттыру бағдарламасының орындалуына да тоқталды. Оның айтуынша, сиыр етінің экспортын 70 мың, қой етін 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ал құс етінің импорты 80 мың тоннаға дейін азаятын болады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер