Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап дипломатиялық қабылдаулар өткізді. Мәскеудегі шараға 400-ге жуық адам келді. Кеште дипкорпус пен халықаралық ұйым өкілдері, бизнесмендер, ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылар, Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдері, ұлттық компания өкілдері мен шоу-бизнес жұлдыздары болды. Шараға келушілердің айтуынша, Қазақстан ширек ғасыр ішінде әлемдік саяси үдерістің толыққанды әрі жауапты қатысушысына айналып, қазақстандық даму стратегиясының сәттілігін дәлелдеді.

ДЖОН ТЕФФТ, РФ-ДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІ:

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған қабылдау кешіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Достардың бәрін мерейтойымен құттықтаймын. Біз Қазақстанмен етене дос екенімізді мақтан тұтамыз және қазақ-америка ынтымақтастығы баянды болады деп үміттенеміз.

ИОСИФ КОБЗОН, КСРО ХАЛЫҚ АРТИСІ:

Біздің елде, Қазақстанда немесе басқа бір елде бірдеңе бола қалса, барлығы дарынды басшы Нұрсұлтан Әбішұлының қандай да бір көмегіне жүгініп жатады. Осыған қарап, Қазақстандағы халықтың дамуға бет алған қауіпсіз елде тұрып жатқанын сезінемін.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткізді. Бұл табыстар ел басшылығының сындарлы саясатымен тікелей байланысты. Бұл – Сингапурдың мемлекеттік министрі Лам Пин Миннің пікірі. Мұндай ойын министр Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай еліміздің жергілікті елшілігінде өткен ресми қабылдау шарасында білдірді. Оған беделді қоғамдық және саяси тұлғалар мен шет мемлекеттердің елшілері келді. Басқосуда отандық суретшілер мен дизайнерлердің туындылары көрсетілді.

ЛАМ ПИН МИН, СИНГАПУРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МИНИСТРІ:

Қазақстан мен Сингапур халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында экономиканы қарқынды дамытып келеді. Біздің елдер осы тұрғыда тығыз ынтымақтастық орнатып жатыр. 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне қатысып, өзіміздің жаңа технологияларымызды жұртқа паш етпекшіміз. Халықаралық шара жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз».

Берлинде өткен салтанатты қабылдауға Бундестаг депутаттары, шетелдік дипломаттар, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері келді. Салтанатты кеште Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің халық аспаптары музыкалық тобы қазақтың ән-күйлері мен әлем классиктерінің шығармаларын орындады.

КАРИН ШТРЕНЦ, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

Германия мен Қазақстан арасында тығыз байланыс орнап, біз көп жылдар бойы бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Қазақстанды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ елі қарқынды дамып келеді. Келер жылы өтетін «ЕХРО-2017» көрмесін тағатсыздана күтіп жүрміз. Сонымен қатар, таяу арада Астанаға саясаткерлер мен кәсіпкерлерден құралған үлкен делегация бармақ. Осы сапардан кейін көп жобалар жүзеге асатынына сенімдімін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер