Көкшетауда «Қансонар-2016» құсбегілер сайысы өтті. Оған еліміздің Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қарағанды және Ақмола облыстарымен қатар Астана қаласынан ұзынсаны 30 саятшы қатысты. Алдымен жас балалар қаршыға мен ителгіні қолға қондырса, үлкендер бүркітпен аң аулап, бақ сынасты. Ұлттық спорттың осы түрі қазір қарқынды дамып келеді. Бүгінде Қазақстан бойынша 100 шақты саятшы бар.

Базарбек КҮНТУҒАНҰЛЫ, САЯТШЫЛЫҚТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Бүркітшілік қазақтың осы салт-дәстүрі, атадан балаға мирас болып қалған құндылық болып ЮНЕСКО-ның құрамына енді. Және осы 2016 жылы спортты тану, аккредитациядан өту бүркітшілік спорт боп тіркелді. Қазір енді бізде жылдан жылға бүркітшілік ашылып жатыр.

Ислам ӘБСАЛАМ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Бұл саятшылықты маған ағам мен атам үйретті. Осы саятшылықпен екі жыл болды айналысып келе жатырмын. Сосын саятшылықтың бір жақсысы – бүркіттерді және қазақи нелерді жоғалтпау. Ең маңыздысы сол.

Ал Қарағандыда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аңшылар құрылтайы өтті. Облыстың әр түкпірінен жиналған саятшылар ит жүгіртіп, құс салды. Астанадан, арнайы келген кинологтар нағыз құмай тазылардың тұқымын анықтап тізімге енгізді.

Әсет ШАЛТАЕВ, КИНОЛОГ:

Ата-баба жолын жалғастырып, осы тазыларды көбейту мақсатымыз. Қазір аз, көбейту керек, сол үшін осындай көрмелер керек.

Мамандардың айтуынша, қазір әлемде 400-ден астам иттің түрі бар. Соның ішіндегі ең жүйрігі – осы қазақтың құмай тазысы. Оны енді халықаралық дәрежеде мойындату үшін дәйекті дәлел керек. Яғни, халықаралық кинологиялық ұйымға елімізде 1 мыңнан астам құмай тазының бар екенін растайтын құжат тапсыруымыз қажет. Өкінішке орай, қазір Қазақстанда бар-жоғы таза қанды 200 тазы ғана тіркелген.

Инна НАЗАРЕНКО, «ҚАНСОНАР» АҢШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАС КИНОЛОГЫ:

Барлығы халықтың өзіне байланысты. Осындай шараларға қатысып немесе бізге келіп тіркелу керек. Өкінішке орай, ауыл-ауылдағы итбегілердің басым көпшілігі тазыларына құжат алуға құлықсыз, аң ауласа болды деп қарайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер