Қазақстан биылғы жылдың 10 айында 12 мың тонна ет экспорттаған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеп арттыру көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, қытайлық RIFA Holding компаниясының қатысуымен елімізде жылына 17 мың тонна қой етін өңдейтін кешен салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын арттыру үшін кооперациялар құру жұмысы да қолға алынды.

 

ЕРКЕБҰЛАН, АХМЕТОВ ҚР АШМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі күні республикада 564 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Қосымша осы стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда».

 

Еліміздің ет экспортын арттыруға Батыс Қазақстан облысының үлесі аз емес. Аймақтағы шаруа қожалықтары тек соңғы 5 жылда 7 жарым мың тонна ет және ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығарған. Мұздатылған сиыр мен қой етін Ресей, Испания, Украина, Әзірбайжан және Өзбекстан елдері сатып алады.

 

Батысқазақстандық тағы бір кәсіпорын экспорт нарығын бағындырмақ. Орал қаласындағы бекіре еті мен уылдырығын өндіретін кешен жылына 130 тонна бекіре еті мен 10 тонна қара уылдырықты өндіріп, оны Еуроодаққа экспорттауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге.

 

ҚАЙРАТ МАМИЕВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Дәстүрлі технология бойынша негізі бекіре балығы өлтіріп алынады да уылдырығын. Біз қазіргі заманғы талаптарға сай технологиямен аламыз, өлтірмей. Балықтар тірі болып қалады. Өнімді біз халықаралық дәрежеде сертификаттап, 80-90 пайыз экспортқа шығарамыз».

 

Ал Ақтөбе облысының Алға ауданында өндірілетін құс еті Ресей мен Қытайға жеткізілмек. Бройлер тауықтарын өсіретін фабрикада инвестициялық құны 1 млрд теңгеден асатын жоба жүзеге асырылды. Жаңа цех кәсіпорынның қуаттылығын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, жылына 10 мың тонна құс еті дайындалады.

 

ЕСЕНГЕЛДІ САЛИХОВ,  ҚҰС ФАБРИКАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл біз өндіріс қуаттылығын 5 мың тоннаға дейін өсіруді жоспарлап отырмыз. Одан әрі де өсіре береміз. Төрт құс базасы жаңартылды. Қосымша жем тасушы, жұмыртқа тасушы техника сатып алдық. Сондай- ақ, балапан басатын арнайы құрылғылар алынды».

 

Сапалы, экологиялық таза қазақстандық өнімдер еліміздің ауыл шаруашылығына деген шетелдіктердің сенімін арттырып, салаға қаржы құюға ниетті компаниялар көбеюде. Мысалы, Францияның «Lactalis» компаниясы Батыс Қазақстан облысында құны 15 млн еуро болатын сүт өңдеу зауытының құрылысына қатыспақ. Ал Оңтүстік Қазақстанда тағы бір шетелдік компания құны 25 млн АҚШ доллары болатын жобаны қаржыландырып, түйе және бие сүтін өңдеу зауытын салып жатыр. Жоба толық қуатына көшкенде, тәулігіне 100 тонна өнім өңделеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер