Әлем елдерінің Қазақстанға деген қызығушылығы артуда. Ел тәуелсіздігі күні көптеген мемлекеттерде өткен оқиғаларға қарап, осыны аңғаруға болады. Мысалы, Түркияның мемлекеттік «TRT AVAZ» телеарнасы «Еуразияның жүрегі» және «Болашаққа бастар жол» атты деректі фильмдерін көрсетті. Еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін қамтыған фильмдерді Анадолы жұртшылығы ғана емес, телеарна хабар тарататын Орта Азия, Қап және Балтық елдерінің халқы да тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, ұлық мерекеде қоғамдық саяси-сараптамалық «Дитай-13» бағдарламасы кезекті шығарылымын толық Қазақстанға арнады.

АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ, ТҮРКІ КЕҢЕСІ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл бағдарламада бірінші кезекте, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңінде қол жеткен жетістіктері жөнінде баяндалды. Сонымен қатар, Елбасының дем беруімен құрылған Түркі кеңесі қазіргі таңдағы экономика, саясат, мәдениет және білім саласындағы жобалары талқыланды. Алдағы кезеңде де осы іспеттес жобалар жалғасын табады. Және де осындай бағдарламалар тек Түркияда ғана емес, сонымен қатар бауырлас, дос мемлекеттеріміз Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінде бүгінгі күні көрсетіліп жатыр.

Ал Сеулде Орталық Азия елдерінің материалдық емес мәдени мұрасы туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақты басып шығаруға ICH (АЙ СИ ЭЙЧ) ұйымы қолдау көрсеткен. Бұл – ЮНЕСКО-ға қарасты Азия-Тынық мұхиты аймағында материалдық емес мәдени мұра үшін құрылған халықаралық ақпараттық-желілік орталық. Ал жобаны Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы дайындаған. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылып шыққан кітап 26 тараудан тұрады. Онда қазақтың айтысы мен термесінен бастап, «қара жорға» биі секілді мәдени мұралары толық түсіндірілген.

ХО КУОН, «ICHCAP» БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл кітап – Қазақстанды оқып білемін дегендерге таптырмас құрал. Ғалымдар да студенттер де оның ішіннен өздеріне қажетті мәліметін таба алады. Оны біздің сайтымыздан көшіріп алуға болады. Ал, келесі жылы қазақ елінің материалдық емес 10 мәдени мұрасын бейнелейтін фильм түсірмекпіз.

Ал қытайлықтар үшін қазақ әдебиеті қызықты. Халық Республикасының ұлттық кітапxанасында алғаш рет шетелдік әдебиет орталығы ашылды. Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Қытай ұлттық кітапхана қорына қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде жазылған көркем, ғылыми, әдеби  тақырыптар қамтылған 100-ден астам кітап тапсырды. Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайшаға аударылған еңбектері де бар.

ҮМІТХАН МҰҢАЛБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНА БАСШЫСЫ:

Қазақстандықтарды, ел-жұртқа біздің әдебиет пен мәдениетті насихаттау мақсатында және де осы Елбасының салиқалы саясатының арқасында болып жатқан осындай екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайуы үшін осындай орталық аштық. Оның ішінде біраз Елбасының кітаптары келді. Жібек жолында біздің ата-бабамыз ұрпаққа деген ұлағатты із қалдырған тарихымен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер