Елордада әлемді шарлап келген қазақстандық суретшілердің көрмесі ашылды. Жас қылқалам шеберлерінің бұл таңдамалы еңбектері Нью-Йорк, Бейжің, Берлин, Мәскеу және Санкт-Петербург сияқты ірі қалаларда болып, жергілікті өнер сүйер қауымды тәнтті етті. Сырт елдерде лайықты бағасын алған қазіргі заман бейнелеу өнерінің туындылары қазақстандық қауым назарына алғаш рет ұсынылып отыр.

 

БАЙҚОҢЫР ИЖАНОВ, ӨНЕРТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР:

Жас суретшілеріміздің бір қуанарлық дүниесі жаңа ағымдарды, жаңа бағыттарды, бейнелеу өнеріндегі жазу тәсілдерімен өзіндік ерекше бір қаиеттерін меңгерді. Түстік шешімдерге, философиялық дүниесіне, психологиялық ішкі бір қарымдарын айқындайтын қызықты да өте бір креативті ойлау бағытындағы жаңа жұмыстарды айқындауға болады.

 

«Жусан иісі» жобасының көшпелі көрмесіне «Құланшы» арт-орталығының мамандары іріктеген жаңа жұмыстар қойылыпты. Осылайша, ел көлемінде әлі таныла қоймаған, алайда әр аймақтың үздік деген 17 жас суретшісінің шығармашылығымен жіті танысу мүмкіндігі жасалды. Ұйымдастырушылар барлығын бір тақырып аясына қамтуға тырысқан.

 

ЛЕЙЛА МАХАТ, «ҚҰЛАНШЫ» ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біз «Жусан иісі» жобасы аясында түрлі жанрларда орындалған туындыларды біріктіре алдық. Жусан өсімдігі қазақтың дархан даласының нышанына айналды. Ол еркіндіктің белгісі іспетті. Мұнда еркін тақырыптарға көсілген суретшілердің жұмысы жиналды. Алайда әрбір туындыны  біріктіретін ортақ мазмұны – туған жерге деген сүйіспеншілік. Оны  әр жұмыстан аңғаруға болады.

 

Құрылғанына жеті жыл болған «Құланшы» орталығының негізгі қызметі –көркемөнерді қоғам үшін түсінікті әрі қолжетімді ету. Көшпелі көрмелер арқылы отандық бейнелеу өнерін өзгеге және шетелдік шеберлердің туындыларын Қазақстанда дәріптеуге бағытталған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер