Бельгияда Қазақстанның жаңа Жібек жолын дамыту аясындағы инвестициялық мүмкіндіктерін екі ел бизнесмендері талқыға салды. Банкирлер, кәсіпкерлер, дипломаттар мен Валлония аймағы инвестициялық агенттігінің өкілдері өзара тиімді байланыс орнату үшін пікір бөлісіп, ақпарат алмасты.

 

АСҚАР НАМАЗБАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕДҚБ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жібек жолы дамитын болса, инвестиция тартуға әлеуетті болар еді. Әрине, бұл серіктестерімізді қызықтырары сөзсіз. Оларды тек инфрақұрылымға қаржы салып ғана қоймай, оны Еуроодақ пен Азия арасында сауда-саттық жүргізу үшін де пайдалану мәселесі толғандырады.

 

ШАНТАЛЬ ДЕ БЛЁ, AWEX ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

Посткеңестік елдермен өмір бойы жұмыс істеп келемін. Қазақстанның қазір жеткен деңгейін көзбен көріп те жүрмін. Бұл елдің адымдап алға басқанын айғақтайды. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері қалай дамыса, әрі қарай да өсіп-жетіле беретініне сенемін.

 

Біздің елде табысты еңбек етіп жатқан бельгиялық кәсіпкерлер бизнес жүргізу шарттары мен жергілікті инвестициялық климат туралы баяндап берді. Көп мысалдың бірі – экспорт пен импорт тауарларын тасымалдаудың заманауи логистикалық технологиясы. Бұл ретте «Қазақстан –  Жібек жолы» мемлекеттік бағдарламасының негізгі түйіні болып табылатын «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты» туралы айтылды.

 

КАРЛ ГЕЙСЕН, «KTZE KHORGOS GATEWAY» ҚҰРҒАҚ ПОРТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жоба аясында тек жүк тасымалданып қана қоймайды. Жобаның одан да берері көп. Ол Қазақстанға Орталық Азияда даму жөнінен жетекші рольді қамтамасыз етеді. Бұл инветициялар үшін үлкен мүмкіндіктер ашып, жаңа аймақтық экономиканың дамуына тың серпін береді.

 

ДЕНИС ВАН ДЕН ВЕЙХЕ, ZENGE КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан – өте тұрақты ел, экономикасы да қарқынды дамып барады. Мысалы, мен бұл елде өз қауіпсізсіздігім үшін қам жемеймін. Қазақтың ұлан байтақ даласы бар. Сондықтан да, онда қысылып-қымтырылмайсың. Еуропа жері тар, ал Қазақстанда өзіңді еркін сезінесің. Сол себепті бельгиялық әріптестерді аграрлық салаға көңіл аударуға үндер едім, IT саласы да жаман емес, қаласаңыз, химия саласы тағы бар, тек жамбасыңызға жатық келетін саланы таңдап алып, шаруаңызды дөңгелетсеңіз келешекте зор қаржылық қайтарым көресіз.

 

Тараптар келер жылғы көктемде тағы Қазақстанда кездеседі. Бельгия бизнесмендерінің айтуынша, елімізде бірлескен бизнес ашу үшін, әсіресе жаңа Жібек жолын дамыту керек. Тараптар мәселелердің денін Астанада өтетін EXPO көрмесі қарсаңында шешіп алуға келісті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер