Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері экспорт нарығын бағындыруда. Жақында бізде тігілген ерлер киімі Қытай нарығына шығарыла бастады. Қазір классикалық үлгідегі костюм-шалбар, көйлек, галстуктер ішкі нарықпен шектеліп қалмай, төрт миллионға жуық тұрғыны бар Үрімші қаласында сатылып жатыр. Отандық өнімге сұраныс жоғары.

 

ҚАСТЕР АҚЫЛБЕК, ҮРІМШІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Интернеттен көріп келіп отырмыз ғой, тойға киім алайық деп. Сапасы жақсы, денеге бәріне жақсы тұрады екен.

 

ЛИ ГУОЮ, ҮРІМШІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен Қытайлық кәсіпкерлерге Қазақстанның тауарларына назар аударуға кеңес берер едім. Қазақстанда тігілген киімдердің сапасы өте жақсы әрі сәнді. Әсіресе, бұл киімдер азияттық адамдардың дене пішіміне дәл келеді. Менің көңілімнен шығады.

 

Алматылық «Қазжеңілөнеркәсіп» кәсіпорны да өндіріс көлемін ұлғайтты. Биыл мұнда 300 миллион теңгеге озық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Бұл өндірілетін өнім түрлерін 75 жаңа модельмен толықтыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта сапалы мата мен былғары өндірісін жолға қою жоспары бар.

 

ОЛЬГА БАБУХ, ЦЕХ ШЕБЕРІ:

Біздің мақсатымыз - қазақстандықтарға сапалы, экологиялық таза аяқ-киім түрлерін ұсыну.

 

Ал Шымкенттегі кілем тоқитын кәсіпорын өнімдері ТМД  және Еуропа елдеріне экспортталады. Келесі жылы фабриканың өндіріс қуаттылығы 10 миллион шаршы метрге дейін ұлғаймақ. 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын кілем тоқумен қатар, полипропилен жіптерін иірумен де айналысады. Фабрика өнімінің бүгінде 30 пайызы экспортталады. Зауыттағылар 2017 жылы бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін көтеруді көздеп отыр.

 

БАУЫРЖАН ЕРГЕШБАЙҰЛЫ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Өңдеу өнеркәсібінің дамуы елдің экономикасының жарқын көрінісінің көрсеткіші болып табылады. Біздің кәсіпорынның іске қосылуы елімізде жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағыты аясында жастар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып жақсы жұмыс атқарып жүр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер