Өнертапқыш өрендер арасында ұйымдастырылған инновациялық жобалар байқауының қорытындысы жарияланды. «Нұр Отан» партиясы мұрындық болған додаға 700-ден астам өтініш түсті. Бас жүлдені қарағандылық жас ғалым, алғашқы отандық дронды құрастырушы Нұржан Есмағамбет еншіледі. Айтуынша, ұшқышсыз басқарылатын аппараттың пайдасы ұшан-теңіз. Ауыл шаруашылығы саласында, адам аяғы баспайтын жерлерде, құтқару жұмыстары мен ғылыми мақсатта кеңінен қолдануға болады. Оған сыйақы ретінде 2 млн теңге табысталды. «Бұл қаражатты тың жобаларына жұмсаймын» - дейді.

 

НҰРЖАН ЕСМАҒАМБЕТ «NURINTECH» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ:

Мұндай байқау жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға үлкен демеу. Мемлекет тарапынан қолдау болса жаңа жобалардың көп болатынына сенемін. Өйткені, қазір көпшілік жас ғалымдарда қаражат болмағандықтан, жұмыстары тұралап тұр. Осы байқаудың жыл сайын өтуіне тілектеспін!

 

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасымыздың индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы Қазақстанда 1000-нан астам жаңа кәсіпорындардың ашылуына ғана себепкер болып қоймай, көптеген жаңа технологиялар мен инновацияға өріс ашты. Бүгінде бүкіл қазақстандықтар дәл осы инновациялық технологиямен айналысу үстінде.

 

Байқауда бақ сынаған өнертапқыштардың жобаларын негізінен ауыл шаруашылығы, медицина, жасыл энергетика саласында қолдануға болады. Бас жүлдеден бөлек, 1-орын алған жас ғалымға – 1 млн, 2-орынға – 500 мың , 3-орынға – 250 мың теңгеден сыйақы берді.

 

Қазақстандық жас өнертапқыштардың инновациялық жобалары «Almaty Startup City» жастар форумында да таныстырылды. Шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жастардың жобалары ақпараттық технология, көлік инфрақұрылымы және басқа саланы қамтиды. Арасында жапырақтан отын алу жобасы да бар.

 

ІҢКӘР СӘДУАҚАСОВА, СТУДЕНТ:

Жапырақ – тегін энергия көзі. Және де экономикалық жағынан тиімді. Әзірге жобасын дайындап отырмыз. Соны бізге жүзеге асыруға инвесторлар қажет.

 

Бұл жиынның мақсаты – инновациялық жоба авторлары мен инвесторлар арасында байланыс орнату. Өнертапқыштар «Даму» қорының қаржылық бағдарламаларына да құжат тапсыра алады.

 

ҒАБИТ ЛЕСБЕКОВ, «ДАМУ» КДҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ-БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

Бүгінгі күнде 954 жас кәсіпкер жалпы 15,9 миллиард теңге шамасында несиеге, жеңілдетілген несиелерге қол жеткізді. Екінші бағыт ол – мемлекет жағынан осы банктердің қаражаттарын жас кәсіпкерлерге беруін ынталандыру бағдарламалары. Олар кепілдендіру – біріншісі, екіншісі – ол субсидия құралы.

 

777 жас кәсіпкер «Даму» қорынан жалпы құны 152 миллиард теңге субсидия алған. Сонымен қатар, жаңа бизнес ашуды және студент жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жобалары бар. Қор жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан кеңес алған 34 мыңнан астам жастың алдыңғы легі бүгінде өз кәсібін ашқан.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер