Хас шебердің қолына тиген табиғи сұр тас, ағаш кесіндісі мен қарапайым темір қайталанбас көркем бейнеге айналады. Бұған он саусағынан өнер тамған Әсем Досанова мен суретші Ербол Жетігеновтің жеке көрмесінің қонақтары көз жеткізді.  Елорда төрінде қанат жайған көрмеде қос шебердің қолынан туған сәндік қолданбалы өнер туындыларымен танысу мүмкіндігі жасалған.

 

ӘСЕМ ДОСАНОВА,  СӘНДІК ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР ШЕБЕРІ:

Мені айналамызда көптеп кезігетін қарапайым дүниелер қызықтырады. Көбі табиғи заттарға мән бере қоймайды. Олардың бейнесі әрқилы, бірін-бірі қайталамайды. Мен оларды сәл ғана өңдеп, сәндік бұйым жасаймын. Көбіне қиялға беріліп, этно стилде жұмыс жасағанды ұнатамын. Шабытымды зергерлік өнерден таптым.

 

Шабыттары үндескен дарын иелерінің бірі зергерлік бұйымдар жасаумен әуестенсе, енді бірі мүсіндеу тасқа сурет салу, ағаш пен металды көркем өңдеу жағына бет бұрған. Бұл көрме шығармашыл топтың  мазмұндас еңбектері сабақтастығының алғашқы жемісі екен.

 

ЕРБОЛ ЖЕТІГЕНОВ, СУРЕТШІ, МҮСІНШІ:

Біз әр жұмысты бірігіп жасаймыз. Алдымен ақылдасып эскизін саламыз. Көбіне ойларымыз тоғысып жатады. Өйткені мақсатымыз – бір.  Ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, көпшілікке таныстыру.

 

Екеуі де жас болғанымен, кәсіптерінің қыр-сырын жақсы меңгерген. Мұны жоғары сапасымен ғана емес, өзіндік қайталанбас мәнерде орындалған ерекше туындылар топтамасы айшықтайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер