Қазақстан мен Израиль бірлескен азық-түлік өндіру зауытын салмақ. Алматы өңірінде орналасатын кәсіпорын өнімін Қытай нарығына шығару көзделуде. Мұндай жоспармен екі ел іскерлерінің форумы барысында Израиль-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаель Роэ бөлісті.  Өнім толықтай экспортқа бағытталмақ, дейді ол. Жобаның жалпы құны 10 млн доллар шамасында.

 

Михаель РОЭ, ИЗРАИЛЬ-ҚАЗАҚСТАН САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Зауыт салуда израильдік технологиялар мен қазақстандық шикізат қолданылатын болады. Жобаға екі елдің бизнесі бірдей инвестиция салды. Алдағы 5 жылға Қытайдан тапсырыс әзір.

 

Қазіргі таңда Қытаймен тиісті келіссөздер жүргізілуде. Израиль үшін Қазақстан Қытай нарығына шығудың бірден-бір мүмкіндігі. Ал еліміз болса, израильдік технологияларды меңгеруге ниетті. Сондықтан Қазақстан-Израиль әріптестігінен екі тараптың да ұтары мол.

 

Борисбий ЖАНҒҰРАЗОВ, «KAZNEX INVEST» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

2005 жылдан бері Израиль Қазақстанға 230 млн АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция жасады. Қаржы негізінен, медицина, қаржы, сақтандыру қызметтері және ауыл шаруашылығы  салаларына бағытталып отыр.  Жыл сайынғы тауар айналымы 200 млн АҚШ долларынан асады. Экспорттың үлесі басым. Қазақстан Израильге мұнай, тұз, күкірт, бағалы емес металдар және  түрлі дақылдар экспорттайды.

 

Кездесу барысында тағы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Израильге қой еті мен бидайды экспорттау бойынша келісім-шарттар жасалуда. Сондай-ақ, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында израильдік технологияларды белсенді пайдалану жоспарланып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер