Қазақстан экономикасы өседі. Халықаралық валюта қорының болжамы осындай. Бұл туралы аталған қордың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Марк Хортон мәлім етті. Жалпы ел экономикасы қазірдің өзінде оң қарқынмен дамуда, ал келесі жылы көрсеткіш екі пайызға жетеді. Бұған «Қашаған» кен орнын игеру сияқты ірі жобалардың іске қосылуы ықпал етпек.

 

МАРК ХОРТОН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХВҚ МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қашағанның іске қосылуы Қазақстанның экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Бірақ мұнай бағасын естен шығармау маңызды. Сондықтан Қазақстан экономиканы әртараптандыруды жалғастыруы тиіс. Ауыл шаруашылығы, сауда, логистика салаларындағы жобаларын көбейту керек.

 

Қазақстан экономикасының тұрақтылығына басқа да қаржы ұйымдары сенім артып отыр. Мысалы, келесі жылы Азия Даму банкі Қазақстанмен 5 жылға әріптестік келісімшарт жасап, 3 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр.

 

ДЖОВАННИ КАПАННЕЛЛИ, АЗИЯ ДАМУ БАНКІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз Қазақстандағы шағын және орта бизнестің өркендеуіне «Даму» қоры арқылы үлес қосқымыз келеді. Қаржыны екінші дәрежелі банктер арқылы несие беру шарттарын оңтайлауға бағыттасақ дейміз. Сондай-ақ, Қазақстанда суармалы жерлерді көбейту жобаларына инвестиция салмақ ойымыз бар.

 

Азия даму банкі Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесіне қатысып, елімізде баламалы энергетиканы дамытуға да атсалыспақ. Сондай-ақ, электромобиль шығаратын зауыттың құрылысына да қатысуды жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер