Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан қазақ студенттері тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойын шетелдіктермен бірге атап өтті. Уорик университетінің орталық алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, дастархан жайылды.

Қазақ жастары еліміз туралы кеңінен мағлұмат беретін түрлі-түсті көрнекіліктер мен кәдесыйлар әзірлепті. Олар тіпті алдағы жылы өтетін ЕХРО көрмесі мен қысқы Универсиадаға мейман болуға шақыруды да ұмытқан жоқ. Қазақтың ас мәзірімен таныстырып, ұлттық тағамдардан ауыз тигізді. Озық технологиялардың көмегімен Қазақстанның тұма табиғаты мен терең тарихына виртуалды саяхат жасатты. Сондай-ақ, бұл күні орталық алаңдағы үлкен экранда ВВС (БиБиСи) телеарнасы таяуда ғана дайындаған бейнебаян көрсетілді.

 

МЭССЕ ЛИОН, СЬЕРРА-ЛЕОНЕДЕН КЕЛГЕН СТУДЕНТ:

Мен бұрын-соңды Қазақстан туралы білгенім аз еді. Осы шарадан кейін көп нәрсеге қанықтым. Қазақстанның әлемдегі көркем елдердердің бірі екендігіне көзім жетті. EXPO-2017 көрмесін өткізгелі жатыр екенсіздер. Және ол «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналмақ. Меніңше, мұндай бағытты таңдаған елдің болашағынан зор үміт күтуге болады.

 

ДАМИТ УИМАЛАСУРИЯ, ИТАЛИЯДАН КЕЛГЕН СТУДЕНТ:

Ұлттық музыкаңыз бен билеріңізге тәнті болдым. Тағамдарыңыз да тіл үйірерліктей дәмді екен. Қазақстан студенттерінің берген мағлұматтары да өте мазмұнды. Турист ретінде саяхаттауға тұрарлықтай тамаша жерлер бар, әсіресе, Астана қаласының архитектуралық ажары көз тартарлықтай әдемі.

 

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен өткен шара мақсаттарының тағы бірі – «Болашақ» бағдарламасын тәуелсіздіктің үлкен жетістігі ретінде таныту. Мысалы, Уорик университетінде 60-тан астам қазақ жасы біліп алып жатыр.

 

ӘДІЛБЕК ЖАПАҚ, «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИАТЫ:

Уорик студенттер қауымдастығы - Ұлыбританиядағы ең үлкен қауымдастықтардың бірі. Яғни, Уорик Қазақстан жастары үшін ең бір тартымды университеттердің бірі деп айтуға болады. Өйткені университет, жалпы, бизнеске көп мән береді, немесе ғылымның қолданбалы жағына назар аударады.

 

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы құрылғалы бергі 23 жылда 9 мыңнан аса білікті маман даярланыпты. Дені – инженерлер, ұстаздар мен дәрігерлер, мемлекеттік және шығармашылық сала өкілдері.

 

БИБІГҮЛ АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 99 пайызы еліміздің әртүрлі саласында қызмет етіп жүр. Егер бүгінге дейін қолына диплом алған 9 мыңнан аса маман болса, оның 29 пайызы мемлекеттік мекемелерде, 19 пайызы квазимемлекеттік секторда, ал халықаралық ұйымдарда 12 пайызы жұмыс істейді.

 

Алдағы жылы бұл бағдарламамен сот қызметкерлері, «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджерлері білім алатын болады. Жалпы, 2017-ші жылы 544 студентке «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия беріледі.

 

ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

«Болашақ» бағдарламасы еліміздің жоғары санатты мамандарын даярлайтын әлемдік жүйеге кірді. Осы кезеңдегі тарихи табыстарымызға шолу жасасақ, осыдан 23 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша 9339 қазақстандық білімдерін арттырды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер