Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен қазақ елін шетелдік қайраткерлер құттықтап жатыр. «Қазақстан тәуелсіздік жолында Елбасының жетекшілігімен ерік-жігер, табандылық пен даналық танытты. Соның арқасында қазір тұрақты және қарқынды дамыған елге айналды»,-дейді 90-жылдары Ресей президентінің көмекшісі болған ғарышкер Юрий Батурин.

ЮРИЙ БАТУРИН, РЕСЕЙ БАТЫРЫ:

Қазақстанды мемлекеттік мерекемен құттықтай отырып, зор болашақ және ұзақ сапар тілеймін. Болашақ жолы кейде күрделі, кейде сәтімен болуы мүмкін, ең бастысы кедергілер азайып, ел ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғаса берсін. Еңбекшіл қазақ халқы жаңа жетістіктерге жетіп, білімі, әл-ауқаты асқан қалың елге айналсын. Болашақта жергілкіті тұрғындар өмірін қатерге тікпей жүретін болар деп үміттенеміз.

Шығыс Англия университетінің құрметті профессоры Дэвид Бриджес Қазақстанды бейбітшілік пен татулық мекені деп атайды. Ол еліміздің ізгі тәжірибесінен көптеген мемлекет үлгі алып, қолдануына болады дейді.

ДЭВИД БРИДЖЕС, ШЫҒЫС АНГЛИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ:

Қазақстан – бірегей ел. Ондаған халықтың өкілдері мұнда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл расында да өте маңызды, осыны мақтан етуге болады. Әлемде не болып жатқанын көріп тұрсыз – шиеленіс, азаматтық соғыстар мен елдер арасындағы жанжалдар. Сол себептен Қазақстанға бейбітшілік тілеймін. Іргесі тиіп тұрған түрлі дін мен мәдениет өкілдері үйлесімде өмір сүрген елдеріңіз өзгелерге үлгі болып қала берсін.

Ұлыбританияның бизнес қауымдастығы да Қазақстанды тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтайды. Еркін еңбек етіп, қаржы құюға зор мүмкіндік берген мемлекетімізге олардың алғысы шексіз. Ұлыбритания бүгінгі таңда республикамыздағы ең ірі инвестор елдің бірі саналады. 10 жыл ішінде британиялықтар біздің экономикаға 11 млрд АҚШ долларынан астам қаржы құйған.

КРЕЙГ АРНОЛЬД, «WILLIAM HARE» КОМПАНИЯСЫНЫҢ САТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

Мүмкіндік болған жағдайда Қазақстан халқымен әңгімелескіміз келіп тұрады. Өйткені сіздердің мамандарыңыз өте білікті және бұл бізге өте ұнайды. Бизнес орта да жылдан жылға жақсарып келеді. Сондықтан да біз инвестиция құюды одан әрі жалғастыруға дайынбыз. Тәуелсіздіктің мерейтойында сіздерге толайым табыс тілейміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер