Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы Түркияның бас қаласы – Анкарада атап өтілді. Елшіліктің ұйытқы болуымен айтулы мерекеге арналған салтанатты қабылдау болды. Шараға түрік еліндегі саяси партиялардың жетекшілері, парламент депутаттары, танымал қоғам қайраткерлері мен қазақ диаспорасының көрнекті өкілдері қатысты. Жиылған көпшілік Қазақстанның аймақтық және әлемдік маңызы зор бастамаларына тоқталып, ширек ғасыр ішінде абыройы асқақ қуатты елге айналғанын атап өтті.

КЕМАЛ КЫЛЫЧДАРОГЛЫ, ХАЛЫҚТЫҚ-РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАРТИЯ ТӨРАҒАСЫ:

Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. 25 жылда мемлекеттілік қалыптастыруға ерен еңбек пен қажырлы күш-жігер сарп еттіңіздер. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ елі дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл бастамалардың бас-қасында Қазақстан Президенті тұрғанын біз жақсы білеміз. Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасының әлеуеті өте зор. Бірақ біз бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай келеміз. Әлде де, ынтымақтастық шеңберін тереңдетуіміз қажет. Биыл тәуелсіздігінің ширек ғасырына аяқ басқан барлық түркі республикалары, оның ішінде бүкіл қазақ халқына Анкарадан ыстық сәлем жолдаймыз».

Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде де салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Шараға Еуропалық Комиссия мен Еуропалық парламент және Белгия үкіметінің бірқатар өкілдері қатысты. Қонақтар еліміздің егемендік жылдарында еңсерген жетістіктерін тізе келе, әлем елдері алдындағы зор беделін атап өтті. Кездесу барысында қонақтарға «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам» Ұлт жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуы және өзге де сыртқы саясаттағы бастамалары жайлы әңгіме өрбіді.

АЛМАЗ ХАМЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЛЬГИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазақстанды бүгінде кемелденген мемлекет деп атайды. Бұл – елімізді өзгелердің мойындағанын білдіретін маңызды ұғым деп білемін. Тіпті Еуропа елдері Қазақстанды өздерімен тең қойып, бізден үйренетіні бар екенін де айтып жүр. Осының барлығы 25 жылда жеткен жетістігіміз. Мүмкіндікті пайдаланып, барлық қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

ТОЙВО КЛААР, ЕУРОПАНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕРІ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен қазақстандықтарға алдағы 25 жыл, одан әрі 250 жыл сәтті өркендеуді тілеймін. Елдеріңіз қазірдің өзінде өте ауқымды істер тындырды. Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне қайран қаламын. Келесі жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі Еуроодақ елдерінің өз мүмкіндігін көрсетіп Қазақстанмен арадағы әріптестікті дамытуына үлкен септігін тигізеді. Елдеріңіздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде таңдалуы да әлемдік абыройы жоғары екенін дәлелдеді. Тағы да Қазақстанға бар жақсылықты тілеймін.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы Грузия елінде тойланды. Ширек ғасырлық мерейтоймен құттықтауға осы елдің Премьер-министрі келді. Айтулы шараға саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен қазақ дипломаттары қатысты. Қазақстанның Грузиядағы елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, соңғы жылдары қазақ-грузия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен, қазақ мұнайы Еуразиялық көлік дәлізінің маңызды торабы саналатын Батуми порты арқылы өтеді. Алыс-беріс те артты. Қазақстан – Грузия үшін шарап, цитрус және минералды су тасымалдайтын ірі импорттаушы мемлекеттің бірі.

ЕРМҰХАМЕТ ЕРТІСБАЕВ, ГРУЗИЯДАҒЫ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазақстан ең көп инвестиция салған әлемдегі жалғыз мемлекет – ол Грузия. Өйткені, біз Қара теңізге шығатын Батуми портын 49 жылға жалға алып отырмыз. Транзиттік жолдар үшін оның маңызы зор.

ГЕОРГИЙ КВИРИКАШВИЛИ, ГРУЗИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазақстанның Тәуелсіздігі күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Осынау айтулы мерекені сіздермен бірге тойлау мен үшін үлкен құрмет. Арадағы қарым-қатынасымыз жыл сайын дамып келе жатқанына мен қуаныштымын. Біздің саяси, әлеуметтік және экономикалық байланысымыз одан әрі де нығая түсетініне сенімдімін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер