Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің әр өңірінде сан түрлі шаралар өтуде. Қызылордалық 100-ге жуық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенті жиналып, «Біз-Тәуелсізбіз!» деген атпен флешмоб өткізді. Бірыңғай ақ жейде киген жастар тізіліп, 25 санын құрады. Сонымен қатар, өнерлі өрендер ортаға шығып, патриоттық әндерді нақышына келтіріп орындады.

ДҮЛДҮЛ РУСЛАН, АБЫЛАЙ ХАН АТЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:

Негізгі мақсаты флешмоб акциясының жастардың, жалпы білім алушылардың отанына деген, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру,баулу. Және осы білім алушылардың, жалпы халықтың бірлігіне үлес қосады деген ойдамын.

Флешмобтан Шымкент жастары да қалыс қалмады. Спорт алаңына шыққан олар осылайша біріккенде ғана, талай асуды бағындыруға болатынын тағы бір дәлелдеді. Азат елдің арманшыл ұрпағы Қазақстан «Мәңгілік ел» атануы үшін аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

ҒАЛИЯ ИСАМЕТ,ОҚМПИ СТУДЕНТІ:

Өзім биология факультетінде оқимын. Алда биотехнологияны ары қарай дамытсам деймін.Өз үлесімді қоссам деймін.Нанотехнологияны ары қарай жетілдірсем деймін.

Атырауда жергілікті колледждің 70-тен астам оқушысы мерекелік шара кезінде патриоттық әндер шырқап, 25 санын бейнелеп би биледі. Болашақ жас мамандар егемен еліміздің ертеңі болар өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруге үлес қоссақ деген ниетте.

ЖАСҚАНАТ КЕМЕЛХАН, АТЫРАУ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:

Тәуелсіз еліміздің азаматы болғанымды мақтан етемін. Біз жастар еліміздің көркеюіне өз үлесімізді қосамыз. Қазіргі білім алып жатқан мамандығымыз бойынша болашақта маман болып еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз. Еліміз мәңгі жасасын! Біз жастар осы үшін еңбек етеміз.

Ал петропавлдық полицейлер қас қарая қызметтік көліктерінің шамын жағып, ашық аспан астында 25 санын бейнеледі. Сонымен қатар, құқық қорғау қызметкерлері арасындағы тәуелсіздіктің құрдастары қолдарына Қазақстанның туы түстес шар алып, бір уақытта көкке ұшырды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде еліміз азаттық алған жылы дүние есігін ашқан 80-нен астам адам еңбек етеді.

МЕРЕКЕ РАШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ІІБ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Мен еліміздің Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келдім. Осы елімізбен бірге есейіп, осы күнге дейін ер жетіп жатырмын. Осындай мерекеге өз үлестерімізд,і міне, қосып жатырмыз. ҚР азаматтарының тыныштығын сақтап, олардың құқықтары мен бостандығын қорғап, ат салысамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер