Азия және Тынық мұхиты аймағының үздік компанияларын Қазақстанға тарту. Бұл – KAPTIC аймақтық сауда-инвестициялық палатасының Сингапур қаласында өткен алғашқы отырысының тақырыбы. Шараға отандық және шетелдік бизнес ұйымдардың өкілдері қатысты. Арасында Филип Йо бар. Ол Сингапурда «экономикалық табыстың негізін қалаушы» ретінде ерекше құрметке ие. Бүгінде халықаралық ірі ұйымдардың, соның ішінде «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшылық құрамына да кіреді.

 

Филип ЙО, KAPTIC ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ:

KAPTIC сынды ұйымның болашағы зор. Өйткені алдымен Қазақстан мен Тынық мұхиты аймағы елдерінің өзара қарым-қатынасы нығаяды. Ал инвестициялық палатаның арқасында Қазақстанның табиғи, ауылшаруашылық және туристік ресурстарын одан әрі дамытуға мүмкіндік бар.

 

Инвестициялық палатаны мемлекет қаржыландырмайды. Коммерциялық ұйымға да кірмейді.  Ең алдымен, бұл – шетелдік компаниялардың жаңа нарыққа шығып, өзара байланысын нығайтуға бағытталған алаң. KAPTIC-тің штаб-пәтері Сингапурда орналасады. Палатаға кіру арқылы отандық өнімдерді Азия Тынық мұхит аймағына шығаруға мүмкіндік бар. Сингапурдағы Қазақстан елшісі Үсен Сүлеймен – осы жобаны қолдаушылардың бірі.

 

Үсен СҮЛЕЙМЕН, СИНГАПУРДАҒЫ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Бұл жобаның негізінде Елбасының «Нұрлы Жол» бағадарламасы іске асырылуда. Шетелдік компаниялардан инвестиция тарту арқылы инфрақұрылымдарды дамытуға мүмкіндік бар. Ол тек мұнай саласында ғана емес, ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп барлығын қамтуы тиіс.

 

Ұйымды арнайы кеңес мүшелері басқарады. Әр өкіл палатаның дамуына өзіндік өзгерістер мен ұсыныстар айтуға құқылы. Қазір палатаға Сингапур, Австралия, Вьетнам және Қазақстан компаниялары мүше. Болашақта Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай мен Үндістанның үздік компанияларын тарту көзделіп отыр.  

 

Олжас ЖИЕНҚҰЛОВ,  KAPTIC ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірінші кезекте, біз компаниялар арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату үшін конференциялар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, шетелдік бизнесмендермен жолығып, Қазақстанда жұмыс істеу үшін оларға қолайлы жағдай жасау жағын да қарастырамыз.

 

Нұрлан ТОЙЫМБЕК, АСТАНА ХҚО БАС КЕҢЕСШІСІ:

KAPTIC сынды ұйым Астана халықаралық қаржы орталығының дамуына да өз үлесін қосады деп ойлаймын. Біз сингапурлық әріптестерімізбен өзара тәжірибе алмасып, өзара байланысты нығайттық. 

 

Келер жылы дәл осы елде Сингапур мен Қазақстан бизнес-форумы өтеді. Осы кезде палатаның алғашқы жұмыстары қорытындыланады. Жалпы, Қазақстандағы инвестициялық жағдай мен палатаның қызметі жайында толық ақпараттты investkazakhstan.com.sg. сайтынан оқуға мүмкіндік бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер