Астана – тәуелсіздіктің керемет жетістігі. Шаһар жетекші әлем орталықтарының сапында тұру құқығына ие. Әйгілі британиялық архитектор Норман Фостер осылай дейді. Императорлық және Притцкер, басқа да жоғары сыйлықтардың лауреаты Қазақстан астанасының архитектуралық келбетінің дамуына айрықша үлес қосқан.

 

НОРМАН ФОСТЕР, СӘУЛЕТШІ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

Меніңше Астана күннен-күнге  ажарланып, сәулетіне сән қосылып келеді. Жоқтан бар жасап, жаңа елорда салу – үлкен ерлік. Бұл –Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдағы жеткен жетістігі. Және мен егемендік пен елорда арасында ерекше байланыс бар екендігін сеземін.

 

Бұл – Ұлыбританиядағы жоғары рейтингілі оқу орнының дәлізі. Уорик университетінде білім алып жатқан шетелдік студенттер суретте бейнеленген Астананың көркем жерлерін ерекше қызығушылықпен тамашалайды. Оларға әсіресе Норман Фостердің төл туындылары Бәйтерек, Хан Шатыр және Пирамида айрықша ұнағандай.

 

ФРАНК ВАНГ, УОРИК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

Мен Қазақстан жайлы бейнебаян тамашалап, соңғы ширек ғасырда елдеріңіздің қалай өзгергеніне тәнті болдым. КСРО құлағаннан кейін қысқа мерзім ішінде қанаттанып, дәулетті мемлекетке айналдыңыздар. Менің қазақ досым көп. Олар маған елордаларыңыз жайлы көп айтады және сәті түссе міндетті түрде Астанаға барып қайтамын.

 

РОБЕРТ ПЭЛЛОУ, УОРИК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

Біз Орталық Азия елдерінің көшбасшысы - Қазақстан жайлы көп білгіміз келеді. Дәрістерде мемлекеттеріңіздің саяси және экономикалық әлеуеті туралы жиі естиміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында даму үдерісін жалғастырып, аймақтағы елдерге, сондай-ақ бүкіл әлемге үлгі бола беріңіздер.

 

Норман Фостер өз туындаларында энергия сақтау мәселелеріне көп көңіл бөледі. Ол күн сәулесі және ауа сияқты сарқылмайтын табиғи ресурстар халыққа қызмет етіп, инновациялық технологияларда көрініс табуы керек деп есептейді. Сондықтан да сәулетші қайта жаңғыртылатын қуат көздеріне арналған ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу идеясын қолдайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер