Қазақстандық спортшылар қысқы Универсиадада 12 алтын медальдан үмітті. Сондай-ақ, еліміз жалпыкомандалық есепте бірінші орын үшін күресте барынша күш салмақ. Қазақстанның басты бәсекелесі Ресей болғалы тұр. Студенттердің дүбірлі додасында ел намысын 200 жас қорғамақ. Олар әлемнің 57 елінің спортшыларымен сынға түседі. Словения мен Испанияда өткен соңғы қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы алғашқы үштіктен көрінген болатын. «Енді өз елімізде үздік нәтиже көрсетуге тиіспіз. Шаңғы мен биатлон, фристайл мен шайбалы хоккей және коньки мен шорт-трек шеберлерінен тек алтын медаль күтеміз», -деді студенттік спорт федерациясының басшысы.

 

ҚАЙРАТ ЗАКІРИЯНОВ, ҚР СТУДЕНТТІК СПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Қазақстан қай орында болады? Бірінші орын ала аламыз ба? Қанша алтын аламыз?» деген сондай сұрақ болды. Біздің жоспар бойынша, 10-12 алтын медаль алып, кем дегенде екінші орынға іліну».

 

Қазақстандық спортшылар алдағы Универсиадаға жан-жақты дайындалуда.  Ересектер арасындағы сынға енді араласа бастаған мәнерлеп сырғанаушы Айза Иманбектің арманы - Алматыда өтетін кешенді жарыста топ жару. 4 жасынан аяғына коньки байлаған қайсар мінезді қыз жеңістің оңайшылықпен келмейтінін жақсы біледі. Оның  басқа спортшылардан ерекшелігі еркін жаттығуда тек қазақ музыкасына ғана билейді.

 

АЙЗА ИМАНБЕК, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ҚР СПОРТ ШЕБЕРІ:

Қазақ музыкасына сырғанағанда маған әрине жеңілірек болып көрінеді.  Шетелге шықсам да, басқа жанкүйерлерге де сол ұнайтын сияқты. Сондықтан да жанкүйерлерге ұнаса, маған да сырғанауға жеңілірек болады.

 

Айза Иманбекпен бірге Универсиадада тағы үш дарынды мәнерлеп сырғанаушы қызымыз өнер көрсетеді: Регина Глазман, Жансая Адыханова және Вероника Шевелева. Біздің спортшылардың басты бәсекелестері – Ресей, Корея және Қытай өкілдері. Қыздар арасындағы жарысты ақпанның алғашқы екі күнінде «Алматы Арена» мұз сарайында тамашалауға болады.

 

Қысқы универсиадаға керлингшілер де дайындалуда. Солардың бірі – Дмитрий Гарагуль. Айтуынша, универсиадада оның карсыластары – кіл мықтылар. Сондықтан турнир кезінде қателікке жол бермеу керек. Айта кетейік, наурыз айында біздің команда Кореяда оқу-жаттығу өткізді, сондай-ақ Германия мен Чехияда өткен додаларда бақ сынады.

 

ДМИТРИЙ ГАРАГУЛЬ, КЕРЛИНГТЕН ҚР ЧЕМПИОНЫ:

Бұл өте үлкен жауапкершілік. Біз өз еліміздің намысын қорғап, жүлделі орын алуға тырысамыз.Елімізді ұятқа қалдырмаймыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер