«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Ригада латвиялық жетекші туроператорларды халықаралық көрме барысымен таныстырып, роуд-шоу ұйымдастырды. Мақсат – елордада өтетін шараға туристерді көптеп тарту. Тараптар әлемдік көрменің туризм бизнесіне оң ықпалын талқылап, ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды.

 

СӘУЛЕ БӨЛЕБАЕВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ІЛГЕРІЛЕТУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:

Бүгінгі күні 111 мемлекет және 17 халықаралық ұйым ЕХРО көрмесіне қатысатынын растады. Оның тақырыбы өзекті болып тұр. Оған қоса көптеген түрлі мәдени шаралар өтеді. Біз туроператорларға ЕХРО-ның басымдықтарын толық жеткізе алдық деген сенімдеміз.

 

Қазақстан туристік бағыт ретінде латвиялықтар үшін әлі де таңсық, дейді жергілікті туроператорлар. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін EXPO көрмесінің өткізілуі – жақсы мүмкіндік. Келер жылдан бастап Латвия азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз келе алады. Енді күн тәртібінде тікелей әуе қатынасын реттеу мәселесі ғана қалды.

 

Маргарита ШАЛАЕВА , ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:

Латвия мен Қазақстан арасында ұшатын тікелей рейс жоқ. Логистика дамуы да жоғары деңгейде емес. Менің ойымша, EXPO көрмесінің арқасында екі ел бір-бірімен тығыз қарым- қатынас орната алады. Қажет болса, чартерлік рейстерді ашуға болады.

 

EXPO мен Қазақстанның туристік мүмкіндіктері Латвияда келер жылы «Balttour» (Балт-тур) халықаралық туризм көрмесінде тағы да таныстырылады. Бұл шараға Балтық өңіріндегі ең ірі әрі жетекші туроператорлар жиналмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер