Тәуелсіздік қазығы қағылғалы - 25 жыл! Ширек ғасыр ішінде егемен еліміз бағындырған белестер жетерлік. Бүгінде әлем сарапшылары ішкі, сыртқы саясатымызды саралап, оң баға беруде. Қазақстанның толағай табыстарына дерек пен дәйек жетерлік. 25 жылда еліміздегі еңбек өнімділігі 10 есеге артса, жалақы 17 пайызға көбейген. Бүгінге дейін 260 млрд доллар инвестиция құйылып, нәтижесінде 2 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылды.

 

МУХАММАД ИРФАН ШАХЗАД, ПӘКІСТАННЫҢ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Қазақстанның жетістіктеріне қарап-ақ білуге болады. Қазіргі таңда елдің әлеуеті Орталық Азияда жетекші экономикалардың алғашқы тобына кіреді. Көлемі жағынан да, жылдағы ЖІӨ өсімі бойынша да. Инфрақұрылымның, білімнің, бизнестің және басқа да салалардың дамуы жайлы дәл осылай айтуға болады. Осы қарқынынан таймайтын болса, алдағы 25 жылда Қазақстан аумақтық және жаһандық деңгейде едәуір ықпал ете алатын елге айналады деп сенем.

 

Экономикамен қатар, көпвекторлы және теңгерімді саясатқа мән берген қазақ елі жаһандық батамаларымен әлемге танылды.

 

АНДРЕА ДЖАННОТТИ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан экономика мәселелерімен қатар, ядролық қарусыздану саласында, Орталық Азияда тұрақты жағдайды қалыптастыру ісінде көшбасшы болды. Қазақстан тәуелсіздікке жетіп, өзінің ұлттық бірегейлігін көрсетіп қана қоймай, аумақ үшін және жалпы бүкіл әлем үшін маңызды салалар бойынша алдынғы қатарға шықты.

 

Қазақстанның 25 жылда жеткен табыстарын түркиялық сарапшылар да талқылауда. Ыстамбұлдағы Еуразияның түркі бірлестіктері федерациясының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Шараға Түркияның үкіметтік емес ұйымдарының белсенділері, жоғары оқу орындарының профессорлары, мәдени орталықтардың жетекшілері мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Басқосуда сарапшылар қазақ елінің экономикалық реформалары мен сыртқы саясаттағы тың бастамаларына кеңінен тоқталды.

 

КУТАЙ КАРАДЖА, ГЕЛИШИМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Өткен 25 жылдың көрсеткішіне көз жүгіртсек, Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 15 есе, ал жан басына шаққандағы ұлттық табысы 12-13 есеге артқанын аңғарамыз. Яғни бұл, мемлекеттің өркендеуімен бірге халықтың да әл-ауқаты қатар өсіп келеді деген сөз. Мен мұны ел ішінде жүргізіліп отырған экономикалық реформалардың жемісі деп бағалаймын».   

 

Ширек ғасырды артқа тастаған Қазақстанның алдағы 25 жылда бағындырар белестері көп, дейді сарапшылар. Аталған кезеңде халық саны 20 пайызға ұлғаяды. Ал жұрттың басым бөлігі қалада тұратын болады. Джон Хопкинс университетінің Орталық Азия жән Кавказ елдері бойынша институтының төрағасы Фредерик Старр осындай болжам айтады. Оның айтуынша, 2041 жылға қарай қалада тұратын тұрғындар саны 70 пайызды құрайды. Өндіріс қарыштап, экономикалық жағдай жақсаратынын да тілге тиек етті.

 

ФРЕДЕРИК СТАРР, ДЖОН ХОПКИНС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ КАВКАЗ БОЙЫНША ИНСТИТУТ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан Еуразиялық кеңістіктің астық қорына айнала алады. Ол үшін ауылшаруашлығы саласын зерттейтін мамандар мен орталық қажет. Әр өңірдің жер құнарлығын, бере алатын өнімін зерттеп, шаруаларға несие көптеп беріп, шағын фирмалар мен зауыттарды ашуға ден қою маңызды. Батыс елдерінің ауылшаруашлығы саласындағы тәжірибелері мол. Сол елдермен әріптестік орнатып, шикізатқа сұраныс азайған тұса, отандық өнім шығаруға бет бұру қажет.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер