Қазақстан өңірлерінде тәуелсіздік мерекесіне арналған шаралар жалғасуда. Оралда республикалық «Жасыл ел» жасағы кезекті еңбек маусымын қорытындылады. Жыл басында жастар тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап «Отан ағаш» акциясы аясында 25 мың түп ағаш егу туралы бастама көтерген еді. Осыған орай қаланың жаңа алаңында 125 түп шырша отырғызылды. Еңбек маусымының аяқталуына арналған салтанатты шарада еліміздің әр түкпірінен келген үздіктер марапатталды.

 

Рахат ХАМИДУЛЛИН, «ЖАСЫЛ ЕЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл шараға облыста жаз маусымында еңбек еткен жасақтар, делегаттар келді. Бүгін біз жұмыс барысында белсенділік танытқан үздік менеджерлерді, жасақ жетекшілерін, оқу орындарының басшыларын, жұмыс берушілерді марапаттап жатырмыз. Барлығы 11 номинация бойынша үздіктер аталып өтілді.

 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Антарктиданың ең биік нүктесіне Қазақстанның туы тігіледі. Ғылыми зерттеу экспедициясы Тұңғыш Президент күні сапарға шықты. Жас ғалымдар мен спортшылардан құралған экспедиция мұз құрсауында жатқан Антарктиканың 200 шақырымын шаңғымен жүріп өтеді. Ондағы мақсат – оңтүстік полюс экожүйесіндегі органикалық пестицидтер мен микроағзалардың түрлерін анықтау. Сонымен қатар, экспедиция мүшелері 16 желтоқсан күні оңтүстік полюстегі ең биік нүкте - Винсон шыңына Қазақстан туын тігеді.

 

Мағжан САҒЫМБАЕВ, «ТӘУЕЛСІЗДІК ПОЛЮСІ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Винсон шыңы альпинистердің «7 шың - екі полюс» атты арнайы бағдарламасына кіреді. Осы уақытқа дейін ешбір қазақстандық осы жоба бойынша жүріп өткен жоқ. Енді біздің географиялық қоғамның арқасында біз сол олқылықтың орнын толтырмақпыз. Экспедиция құрамына білікті мамандарды жинадық. Барлығы ойдағыдай болады деп сенемін.

 

Ал Көкшетауда 25 жылдық мерейтойға орай автошеру өтті. Бірнеше автокөлік клубтарының мүшелері бірігіп, шаһардың орталық көшелерімен жүріп өтті. «Тәуелсіздік» алаңында аяқталған шеруге қатысушылар онда жастармен кездесіп, барлығы бірге Қазақ елінің байрағын қолдарына ұстап естелік фотосуретке түсті. Аталған шара жастардың «Қазақстанды сүйемін» флешмобымен жалғасты.

 

Серік НҰРПЕЙІСОВ, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Негізгі мақсатымыз – жастардың бойындағы патриотизмді күшейту, қала тұрғындарын бірлікке шақыру.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер