Қазақстан қара алтын өндірумен шектелмей, мұнай-химия кластерін дамытуға ден қойды. Атыраудағы еркін экономикалық аймақта салынған мұнай химиясы кешені жылына 1 милиион 300 мың тонна полиэтилен және полипропилен өнімдерін өндіреді. Ал полимер зауыты биылдан бастап өз өнімдерін ішкі нарыққа шығарып жатыр. Бүгінде мұнда мұнай химиясына қажет негізгі шикізат көзі – полипропилен өндіретін кешеннің құрылысы басталды.  

 

СӘДУАҚАС МЕРАЛИЕВ, МҰНАЙ-ХИМИЯ ЖОБАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жалпы құрылыстың өзіндік құны 1 млрд 795 млн долларға жетеді. Шығаратын өніміміз - полипропилен. 500 мың тонна, әрі қарай ұлғайтқанда 580 мың тоннаға баратындай жағдайы бар. Құрылыс кезінде 3-3,5 мың адам жұмыс жасайды.

 

Дайын өнімнің 10 пайызы импортты алмастырып, ішкі нарықтың сұранысын толық жапса, қалғаны шетелдерге экспортталмақ. Бұл мақсатта қазірдің өзінде халықаралық деңгейдегі келісімшарттар жасалып жатыр. Сонымен қатар, индустриялық бағдарлама аясында қолға алынған Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңа жобалар жылына 133 мың тонна бензол және  496 мың тонна параксилол шығарады. Бұл – әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие химиялық шикізаттар. Дәл осы мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің өнімдері интеграцияланған мұнай-газ химиясы технопаркінің негізгі шикізат көзіне айналмақ. Жалпы, аймақта мұнай химиясын дамытуға 10 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Ал Батыс Қазақстанда мұнай қалдықтарын кәдеге жарату жобасы жасалды.

 

Жергілікті ғалымдар ұсынған әдіс керамзит өндірісінде қолданылуы мүмкін. Мұнай қалдығына арнайы қоспаларды қосу арқылы алынатын өнім күйдіру пештеріне жұмсалатын қуат көзін бірнеше есеге төмендетпек. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын арзандатады.  

 

СӘРСЕНБЕК МОНТАЕВ,  ИНЖИНИРИНГ ЖӘНЕ РЕСУРСТАРДЫ ҮНЕМДЕУ ҒЗИ ДИРЕКТОРЫ:

Оның физикалық, химиялық құрамын зерттеген кезде оның осы физикалық, химиялық құрамдары біздің энергияны көп қажет ететін технологиялық процестерге өте пайдалы екенін біз дәлелдедік. Өйткені мұнай шламы - өте жанғыш зат. Жанғыштығы кәдімгі көмірмен пара-пар. Сондықтан, оны полигонға апарып көміп тастау немесе оны жағып жіберу өте тиімсіз деп есептейміз.

 

Қоймалжың күйдегі мұнай қалдығы алдымен саз балшықпен араластырылады. Кейін түйіршіктелген соң кептіріледі. Ең соңында күйдіру пешіне жіберіледі. Алғашқы сынақтар сәтті өтті. 

  

НҰРГҮЛ ӘДІЛОВА, ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Әлем бойынша кәдімгі керамзит өндірісінде пайдаланылатын саздың қоры бітуге таяу. Ал біз қолданатын сарғыш топырақ табиғатта көп кездеседі. Мұнай қалдығы тез жанады әрі  қоспаның көлемінің артуына әсер етеді. Сондықтан, энергия да аз жұмсалады.

 

Халықаралық сарапшылар мұнай-химия өнімдеріне деген әлемдік сұраныс алдағы он жылда тек өсе түсетінін айтады. Бұл саладағы өнім өндірудің 20% Таяу Шығыс елдеріне тиесілі. Мұнайлы елдер қатарына кіретін Қазақстан да бұл қарқыннан тыс қалмай, мұнай және газ өнімдерін қайта өңдеуге бағыт алды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер