Қазақстан өңірлерінің экспорттық әлеуеті артуда. Мысалы, Ақмола облысы биылғы жылдың жарты жылында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 35 миллион АҚШ долларының өнімдерін экспорттаған. Өңірдің басты экспорттық баптары – астық пен ет. Облыс диқандары биыл 1 млн 500 мың тонна астықты сыртқа шығарған. Жыл соңына дейін ол 2 млн тоннаға жуықтайды. Бүгінде әлемнің 26 елі осы аймақтан бидай сатып алып отыр. Биыл ақмолалық диқандар 4 жарым млн гектар жерге дән сеуіп, одан 6 млн тоннаға жуық астық жинап алған. 

 

Мұрат БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ақмола облысындағы астық қабылдау бекеттерінің жалпы қуаттылығы 4 млн 100 мың тонна. Бұдан бөлек, 1 млн 900 мың тонна астықты ауылшаруашылығы кәсіпорындары өздерінде сақтайды. Сондықтан, биылғы өнімді кептіріп, сақтауға мүмкіндігіміз артығымен жетеді.

 

Облыста ет экпортының әлеуетін арттыру мақсатында ірі қара өсіретін 20-дан аса шаруашылық, арнайы мамандандырылған мал бордақылау алаңдары құрылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Ақмола өңірі бүгінде Астананың ет және ет өнімдеріне деген сұранысын 49%-ға қанағаттандырып отыр. Сиыр етін экспортқа шығару ұлғайтылды. Бұған дейін Ресей мен Өзбекстанға жеткізіліп келген ақмолалық ет және ет өнімдері алдағы жылдары Малайзия, Араб Әмірліктері және Қытай нарықтарына шығарылмақ.  Экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Әлемге мәрмәр етімен танымал ақмолалық халықаралық брендтен өзге кәсіпорындар да сыртқа шығуды мақсат етіп қойған. Солардың бірі - Көкшетаудағы ет өңдеу кәсіпорны. Ол бүгінде еттен көптеген өнім түрлерін шығаратын жан-жақты зауытқа айналып отыр.

 

Шәкихан ӘНТАЕВ, ЕТ ӨҢДЕУ КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жоспарымыз – экспортқа шығу. Осы жақын арада, келесі жылы бірінші кварталда бірінші экспортқа шығамыз деп отырмыз. Қазіргі уақытта Москва қаласына тұшпара жағын жіберіп отырмыз. Үлкен көлемде емес. Бірақ, келешекте өседі деген ойымыз бар. 

 

Шұжық өндіру цехында қазір шұжықтың 27 түрі шығарылады. Өндіріс ошағының ең жаңа цехы – бұқтырылған ет өндіретін желі. Жақында ғана іске қосылған цехтың жобалық қуатылығы – ауысымына 20 мың дана өнім. Өндіріс ошағы сондай-ақ, жартылай дайын өнімдерді де шығарады. Кәсіпорында жыл басынан бері шамамен 300 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, сатылған. Бірақ, зауыт басшылығы алдағы жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есеге өседі деп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер