Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Халқымыздың қасиетті киіз үйі, суырып салма айтысы мен киелі күй өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне енді. Ендігі жерде бұл қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы саналады. Оған куә – ұлттық мұражайға салтанатты түрде тапсырылып отырған халықаралық ұйымның арнайы сертификаттары. Осылайша, шежірелі мәдениетіміздің құнды жәдігерлері ЮНЕСКО-ның қорғауында болып қана қоймай, мұралар туралы конвенцияны мойындаған 171мемлекеттің қолдауына ие болды.

 

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сөз жоқ, бұл енді бірнеше күннен соң ел болып атап өтетін тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту әрі лайықты үлес деп білемін.  Олай деуге үш үлкен себеп бар. Адамзаттың қолынан емес, ойынан шыққан мәдени мұрасының осынау тізімге үміткер 37 елден тұратын іріктеуден қатал болғанын ескерсек, бұл біздің мемлекетіміз үшін сөзсіз рухани әрі дипломатиялық жеңіс.

 

Айта кетейік, жақында Эфиопияда ЮНЕСКО-ның кезекті сессиясы өтті. Онда аталмыш тізімге Қазақстанның тағы төрт өтініші енгізілді. Олар: әз-Наурызды тойлау, саятшылық құру, жұқа нанды дайындау дәстүрі және балуандардың қазақ күресі. Ал келер жылы бұл қатарға асық ату, Қорқыт мұраларын қосу  жоспарланып отыр.

 

Ханзада ЕСЕНОВА,  МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИТЕТТІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Асық ойынын да осы наурыз айында жіберіп жатырмыз. Ендігі жылда Сеул қаласында ол номинацияны қарастырып, өтетіндей етіп жасадық. Ең бірінші критерий - ұлттық тізім. Ұлттық тізімнің ішінде 45 номинация кіргізген, бірақ 25 номинация бойынша бүкіл құжаттар дайындалған.

 

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып «Мәдени мұра»  жобасын қабылдады.  Ауқымды бастама жүзеге асқалы 78 тарихи және мәдени ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, орта ғасырлардағы күй, тарихи әуендер сияқты қазақ музыкасы терең зерттелді. Дәстүрлі салт-санадан сыр шертетін мұраларды ЮНЕСКО-ның тізіміне тіркеу халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға жол ашпақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер