Бүгінде smart city, яғни ақылды қала ұғымы әлемде кең тараған. Технологиялық түрленуде тыңнан түрен салмасақ та, Қазақстан  жаңаруға аяқ басты. Еліміздің осы үрдіске қосылып, инновацияның диірменін айналдырғанына біршама жыл болды. Бұл орайда, елордамыздың кенжелемей келетінін айтуымыз қажет. Тәуелсіз зияткерлік қауымдастықтардың форумында Астана әлемнің 21 ақылды қалаларының қатарына енуге лайық деп танылыпты. Елорда төрінде шымылдығын түрген ASTEX-2016 халықаралық форумы – сол еңбектің жемісі. Шараға АҚШ, Еуропа, ТМД елдерінен 300-ден астам сарапшы қатысты. Мамандар шаһар өмірін оңтайландыру бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.  Мәселен, жақын арада қала көшелерін жарықпен қамту ісі жетілдірілмек. Ескі үлгідегі шамдардың орнына үнемді жаңа шамдар орнатылады.

 

Әлнұр ЕРМАҒАМБЕТОВ, «ASTANA  INNOVATIONS» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

«Ақылды жарықтандыру» жобасын жүзеге асыру аса маңызды. Себебі бұл бастама бірін-бірі іліп әкететін бірнеше кешенді бағдарламадан тұрады. Осының негізінде бар инфрақұрылым заманауи үлгілеріне алмастырылады. 

 

2017 жылы Астананың инженерлік желілерінен бөлек, көлік инфрақұрылымы, қызмет көрсету, білім және денсаулық сақтау салаларында  соны үлгідегі технологиялық өнертабыстар ендіріле бастайды. Алдымен көлік кептелісін реттейтін заманауи бағдаршамдар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар лазерлік жүйемен жабдықталады. Жаңашылдық жол апаттарының алдын алуға сеп болады, дейді мамандар.  Интернет арқылы дәрігерге жазылу қызметі, науқастардың электрондық карталары енгізілмек. Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін енді бір тың жоба – Астананы қашықтықтан зондтау кешені. Астана аспанында қалықтайтын ұшу құрылғылары әуеден барлау жүргізуге бағытталған. Негізінен іздеу, құтқару жұмыстарында пайдаға асырылмақ. Инновациялық жүйе түрлі нысандардың орналасуын аса дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.

 

Алан ҚАЗКЕНОВ,  «ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ» ҰК  ААҚ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан «Сандық Қазақстан» бағдарламасына «Ұлттық инфрақұрылымның кеңістік мәліметтері ұлттық»  жобасы кірістірілген. Көптеген елдерде бұл жүйе ендірілген. Қазір жергілікті карталардың түр-түрі бар. Қайсысы нақты екенін дөп басып айту қиын. Бұл жобаның мақсаты - инфрақұрылымның кеңістік деректерін құруда ортақ тәртіп пен стандарттарын белгілеу.

 

Астаналықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған «Smart City Astana» бағдарламасын іске асыруға 10 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Әсіресе, әлеуметтік маңызды жобаларға басымдық беріледі. Бұл орайда бөлінетін қаржының 80 пайызы мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде келеді. Форумға қатысқан инвесторлар тың бастамаға қаржы құюға ниетті екендіктерін білдірді. Шара барысында  ынтымақтастық туралы 20-дан аса меморандумға қол қойылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер