Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ғылымының жеткен табыстары жетерлік. 25 жылдық мереке қарсаңында Алматыда бірқатар ғалымдар марапатталды. Олардың халықаралық басылымдарда жариялаған еңбектері ғылыми ортада жоғары бағаланып, «Томсон Ройтерс» компаниясының нұсқасы бойынша атап өтілді. «Ғылым көшбасшысы - 2016» сыйлығымен физика, медицина, техникалық, аграрлық және әлеуметтік сала ғалымдары, сондай-ақ, Назарбаев университеті, Еуразия Ұлттық университеті, Фесенков атындағы Астрофизика институты және Ұлттық Биотехнология орталығы марапатталды.

 

ОЛЕГ УТКИН, «THOMSON REUTERS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ РЕСЕЙ ЖӘНЕ ТМД ЕЛДЕРІ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымның қарқынды дамуы  байқалады. Мұнымен қатар, ғылыми еңбектердің саны ғана емес, сапасы да айтарлықтай артып келеді. Халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан бүгінде қазақстандық еңбектерге жиі сілтеме жасалады. Бұл – өте жоғары баға. Оған қол жеткізуге мемлекеттік қолдаудың ықпалы зор екенін атап өту керек.

 

Ал отандық жас ғалымдардың жаңалықтары өндірісте қолданыла бастады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндіріс шебері Бағдат Жәкиев хром қалдығын қайта өңдеп, кәдеге асыруға болатынын дәлелдеді. Облыстың тау-кен өндірісінде 200 мың тонна қалдық жиналып қалған. Бағдат жетекшілік еткен топ осының бәрін ескеріп, ғылыми жоба әзірледі.

 

БАҒДАТ ЖӘКИЕВ, АҚТӨБЕ ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ  МАМАНЫ:

Бүкіл әлемде металлургия өндірісі дамыған мемлекеттерде алға қойған мақсаты және дамыған тақырыптың бірі – ол қалдықты қайта өңдеу, шикізат ретінде қайта өңдеу болып табылады. Біз осы жұмысымызда, қалдықты шикізат ретінде қайта өңдеуге болатынын дәлелдеп шықтық.

 

Бағдат бұл жобасын жастардың ғылыми-тәжірибелік конференциясында ұсынды. Жалпы, шара барысында 7 бағыт бойынша жобалар таныстырылды. Олар кен орындарын игеру және шикізатты қайта өңдеу кезіндегі заманауи технологиялар, қалдықтарды қайта өңдеу және желіні автоматты басқару сынды маңызды салаларды қамтыған.

 

МҰРАТ ҚОСПАНОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жыл сайын конференцияға қатысушы жастардың қатары артып келеді. Жобалары мен ұсыныстары сан алуан. Олардың ғылыми жобалары экономиканың дамуына оң серпін беріп, өндірістің дамуына септігін тигізеді. Тек осы конференцияда ұсынылған жобалардың жартысы өндіріске енгізіледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер