Тәуелсіздік жылдары отандық медицина қарқынды дамыды. Қазір қазақстандықтар еміне шипа іздеп шетел аспайды. Өйткені күрделі операцияларды өз елімізде жасауға мүмкіндік жеткілікті. Адамзатқа төнген қауіпті дерт – қатерлі ісікпен күрес жолында қазақстандық ақ халаттылар ең озық тәжірибені меңгерген. Медицинадағы тың тәсілдер тілдің қатерлі ісігін емдеуде де қолданылады.

 

Бақтыбай ОРАЗБЕКОВ, АСТАНА Қ. ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тілінің жартысын алып тастайды. Қолдан алып, лучевой лоскут дейді. Тамыр мен теріні тері асты майымен бірге алып, алынған ісіктің орнына тамырлар арқылы жалғайды. Операция өте ұзақ 10 сағаттай жасалады. Өйткені, тамырларын тігуге микроскоппен көп уақыт кетеді.

 

Отандық дәрігерлер бұл тәсілді осыдан үш жыл бұрын меңгерген, ал бүгінде жылына 10 операция жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан – онкологиялық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтып отырған әлемдегі санаулы елдердің бірі.

 

Мемлекет қаржы бөліп отырған тағы бір бағыт – эндопротездеу. Жыл сайын елімізде шамамен 30 мың адам буынға эндопротез жасатуға кезекке тұрады.

 

Ерғали НӘБИЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ:

Аз тілік арқылы эндопротездеу қолға алынып жатыр. Әсіресе, вертельді эндопротездеу операциясы. Жас адамдарда сүйектерінде минералдық тығыздары жақсы, сол кезде сүйекті сақтап қалу үшін жарақатқа ұшыраған бөлігін ғана алады да, қалған жеріне вертельді эндопротез салынады.

 

Қазақстанда жылына 8 мың адам эндопротез жасатады. Ал мемлекет әрбір науқастың ем-домына 3 мың доллардан 10 мың долларға дейін қаржы бөліп отыр.

 

Мамандардан жоғары біліктілікті талап ететін медицинаның бір саласы – нейрохирургия. Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығы құрылған 8 жыл ішінде дәрігерлер бұрын елімізде болмаған 60 емдеу әдісін үйреніпті. Нәтижесінде миында ісігі бар немесе жұлын мен омыртқа ауруларына шалдыққандар өз елімізде шипа тауып жатыр. Жергілікті мамандар бұрын ешкімнің батылы жетпеген жүкті әйелдердің миына операция жасау әдісін де қолға алды.

 

Серік АҚШОЛАҚОВ, «НЕЙРОХИРУРГИЯ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Сол әйелді осында алып келсек, жағдайы өте ауыр комада жатқан. Баланы тууына бір-екі күн қалған Бірден қатар операция жасауға кірістік. Мен мидағы қанды алып тастап жатқанда, олар кесарево жасап, баланы алып шықты. Бұл - әлемде өте сирек кездесетін тәжірибе.

 

Орталық ашылғалы осы арадан он мыңға жуық адам дертіне шипа тапты. Мұнда болашақта радиохирургия құрылғысын орнату көзделген. Бұл жоспар жүзеге асса, кейбір ісік түрлерін операциясыз сәулемен залалсыздандыруға болады.

 

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық кардиохирургия да ілгерілеп, халықаралық деңгейге жетті. Отандық дәрігерлердің біліктілігі ауыр науқастарды да аяғынан тұрғызуға жетеді. Шетелдік мамандардың айтуынша, операция жасауда әр елдің өз тәсілі бар, сондықтан бұл салада тәжірбие алмасу аса маңызды.

 

Руни ХАВЕРСТАД,  КАРДИОЛОГ /НОРВЕГИЯ/:

Қазақстандағы медицина жоғарғы деңгейде деп айта аламын. Заманауи құрылғылар бар. Әдіс-тәсіл жаңарған. Біздің үйренеріміз бар. Бөлісер тәжірибеміз де жеткілікті. Өйткені, кардиология саласында жинаған білімімізбен бөлісуге дайынбыз.

 

Тәуелсіздік жылдары төл медицинамыз заманмен бірге жетіліп, жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қазақстан алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар шоғырланған елге айналды. Ендігі мақсат –медициналық туризмді дамытып, халықаралық деңгейде қызмет көрсету. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер